Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Түркістан облысында мал жаятын жер демалыс орындарына айналып кетіпті

Жерге иелік қылғандар тіпті өзен жағалауларына дейін қоршап алыпты.

Түркістан облысында мал жаятын жер демалыс орындарына айналып кетіпті
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғындары жайылымдық жерлерді халыққа қайтаруды талап етіп отыр. Қасқасу ауылдық округі тұрғындары төрт түлігін қайда жаярын білмей дал. Айтуларынша, іргедегі жерлер демалыс орындарына айналып кеткен деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Жоғарғы Қасқасу елді мекенінің жоғары жағынан мынау сияқты 20 соттық жерді заңды алады да қалғанының бәрі міне гектарлап қоршайды. Шарбақпен қоршап тастаған. Халықтың жайылымы мынау. Ешқандай әкімшілік тарапынан бұл жерге күші жетпейді екен. Неге ? Өйткені бұл жерді үлкен дөкейлер алған, - Қасқасу ауылының тұрғыны Ерлан Бексейітов.

Жерге иелік қылғандар тіпті өзен жағалауларына дейін қоршап алыпты. Бүйте берсе мал суарудың өзі мұң болайын деп тұр дейді күнкөрісі малға қараған жұрт. Енді олар қолындағы малын сатудан басқа амал жоқ деп отыр.

Не істейміз енді? Мемлекет бізге қайтарсын. Қайтармаса біздің именно осы ауылға кеп өндірістік орындар салсын, зауыт салсын, фабрика салсын. Біз сол жерде жұмыс істейік, - дейді ауыл тұрғыны Досмахан Алханов.

Ал жергілікті атқамінерлер Қасқасуға қарасты мыңнан астам гектардың 800 гектарын қазір сот арқылы қайтарудың амалын жасап жатырмыз деді.

Тоғайдағы суды қоршап алу бойынша олардың заң жүзінде ГОСАКТ бойынша жер пайлары 15 соттықтан. Артығын иә қазақпыз ғой, қоршап алған. Ол бойынша біздің жер қатынастары бөлімі қазіргі таңда жұмыс жүргізіп жатыр, - Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев.