Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Коронавирустан емделгеннен кейін денсаулықты қалай күту керек? - маман жауабы

Дәрігердің айтуынша, қабынуға қарсы парацетамол, аспирин және басқа да дәрілерді қабылдаудың қажеті жоқ.

Коронавирустан емделгеннен кейін денсаулықты қалай күту керек? - маман жауабы
Фото: www.siasat.com

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин COVID-19-ға қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, коронавируспен ауырған жағдайда қорқынышқа бой алдырмай, вирустан қорғайтын қажетті шараларды жылдам қабылдап, әрекет ету керек, деп хабарлады ҚазАқпарат.

"Тұмаудың қоздырғышы тұмау тудырса, коронавирусты РНҚ вирусы тудырады. Бұл әртүрлі органның тамырларына зақым келтіреді және бұл тыныс алу жолдарынан бастап өкпенің, бауырдың, бүйректің, мидың зақымдануына әкеп соғады. Тұмау да пневмониямен ауыруға себепші болуы мүмкін, бірақ, коронавирустың жұғу қаупі тұмаудан да жоғары. Тұмау вирусы өкпенің қабынуына көбірек әсер етсе, коронавирус қантамырға, қанның ұйып қалуына көбірек әсер етеді. Коронавирустың тұмаудан айырмашылығы – ол балалар мен жастардан гөрі егде жастағы адамдарға көбірек зиянын тигізеді", - дейді Вячеслав Локшин.

Оның айтуынша, кез келген қабыну жағдайында IgM антиденесі, одан кейін IgG антиденесі пайда болады. Ал коронавирус жағдайында алдымен IgG антиденесі, одан кейін ғана IgM антиденесі пайда болады.

"Қазіргі уақытта антиденені диагностикалау әдістерінде сезімталдық бойынша айырмашылықтары бар екені айтылады. Жалған оң нәтижелі және жалған теріс нәтижелі қорытынды шығуы мүмкін. Қоронавирусқа қарсы антидене және иммунитет қалыптасатыны сөзсіз, бірақ, оның қаншалықты ұзақ уақытқа қалыптасатыны туралы айту қиын. Коронавируспен қайталап ауырған жағдайлар сирек кездесетінін көріп отырмыз. Мысалы, тұмауды да қайталап жұқтырып алу мүмкін, себебі, тұмау мен коронавриус мутацияға ұшырап отырады", - дейді профессор.

Вячеслав Локшин коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда қорқынышқа бой алдырмау керектігін айтты. Қорқынышқа бой алдырған кезде иммунитет қызметі бұзылып, адам өзін басқару қабілетінен айырылады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта дәрімен емдеу коронавирус індеті басталған кезге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Қабынуға қарсы парацетамол, аспирин және басқа да дәрілерді қабылдаудың қажеті жоқ. бұл дәрі-дәрмектердің коронавирусты емдеуге әсері қандай болатыны дәлелденбеген.

"Ең бастысы – көп мөлшерде ыстық су ішу керек. Дене қызуын түсіру үшін парацетамол қолданып, төсекте жату керек. Жатқан бөлмені желдетіп, Д дәрумені мен басқа да полидәрумен кешенін ішу керек. Егер дерт пневмонияға ұласып кетсе, дәрігер бактерияға қарсы дәрі-дәрмектер жазып беруі мүмкін. дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмектерді орынсыз қабылдай беруге болмайды", - дейді ол.

Вячеслав Локшин орташа немесе ауыр түрде ауырған жағдайда қанның ұюы мен бауыр қызметіне көңіл бөлу керек. Қант диабетімен ауыратындар негізгі аурудың асқынып кетпеуіне назар аударуы қажет.

"Вирус тамырлардың қабырғасына әсер етеді, сондай-ақ қанның ұйып қалуына себепші болады. Ондай жағдайда өкпе, бауыр, бүйрек сияқты органдардың қызметі бұзылады", - дейді ол.

Ол қазақстандықтарға тұмауға қарсы екпе жасатуға кеңес берді. 65 жастан асқандар пневмококқа қарсы вакцина егілуі тиіс.

"Карантин әлі аяқталған жоқ екенін естен шығармауымыз керек. Қоғамдық орындарда медицина маскасын тағып, әлеуметтік қашықтық сақтап, жеке бас гигиенасын сақтауға міндеттіміз", - дейді ол.