Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бұл жолғы ұйымдастырған іс-шарасы қала халқына дін саласындағы құқықтық жауапкершілікті түсіндіру болды. Құқықтық жауапкершілігі бар азамат көптеген қауіптің алдын алады, өзін-өзі қорғайды, зардап шекпейді.
Секталардың арбауында жүрген азаматтар Қазақстан Республикасында барлық заңдар исламға немесе адами конституциялық құқықтарына қайшы деп топшалайды. Олар исламның атын жамылып жүрген жат ағымдардың жетегінде кеткенін түсінбейді. Өйткені теріс діни топ идеологтары олардың миын улап, мемлекетке, қоғамға, шығарылатын заңдарға қарсы қойып тастаған. Оның үстіне мемлекет заң қабылдайтын болса, өздерін шындықты айтып жүрміз деп есептейтін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жаңа заңға бір жақты ғана баға беріп, тек негативті жағынан халыққа түсіндіреді. Бұған әлеуметтік желілердегі түбін тексерместен жарияланатын алып-қашпа, негізсіз ақпараттарды оқыған, видеоларын көрген халық көбінесе оған қарсы шығады. Мысалы, қазір бүкіл дүние жүзі пандемияға байланысты екпе салып жатыр. Орталық Азияға қарасақ, әсіресе, кеңес одағынан ыдыраған мемлекеттерде екпе егу өте баяу жүруде. Себебі, адамдар осы екпе адам өміріне зиян немесе басқа да діни шариғаттарға қарсы екендігі туралы ақпараттарды көп таратып жүр. Бұған біздің халқымыз сенбеуі керек. Халқымыздың құқықтық жауапкершілігі, құқықтық санасы немесе құқықтық мәдениеті жоғары болған жағдайда біржақты баға беретін БАҚ-қа, әлеуметтік желілердегі блогерлердің жазбаларына еріп кетпес еді дегенді айтады әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, құқықтану саласында PhD доктор Әділғазы Серікхан.
Ол: «Ең бірінші құқық бұзушылардың алдын алу үшін құқықтық жауапкершілікті арттыруымыз керек. Әр адам өзінің құқығын білсе, белгілі бір мөлшерде құқыққа қайшы әрекет жасамайды және кез-келген жерде өзінің құқығын қорғай алады. Сондықтан құқықтық жауапкершілікті, құқықтық сананы, құқықтық мәдениетті көтеру өте маңызды.
Құқықтық сана дегеніміз не? Құқықтық сана дегеніміз мемлекет қабылдап жатқан заң нормалары мен құқықтық актілерге байланысты белгілі бір мөлшерде өзінің ойлай алуы. Соған баға беріп, қабылдай алуы. Ал құқықтық мәдениет соны ұстау немесе ұстамау. Мысалы жаяу жүргіншілер жолынан өтуге бола ма, болмай ма? Құқықтық мәдениеті бар адамдар алыс болса да жүргінші жолымен өтеді. Ол оның заңға деген құрметін көрсетеді. Байқап отырсаңыздар көшеде кейбір адамдар заңға қайшы көп әрекеттер жасайды. Бұл дегеніңіз құқықтық мәдениеттің төмендігі. Ол халық ішінде өз құқығын қорғай алмауға алып келеді. Айналып келгенде халық зардабын өзі тартады. Сол үшін әр азаматтың заң тұрғысынан өзін-өзі қорғай алатындай білімі болғаны жөн.
Ал енді негізгі тақырыбымызға қайта келейік. Дін саласында қандай құқық бұзушылықтар болып жатыр? Бұл салада әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктерге көп тартылады. ҚР ІІМ-нен алынған ресми деректерге сүйенетін болсақ, өткен жылдың екінші тоқсанында 41 әкімшілік іс қозғалған. Соның 21-іне әкімшілік хаттама толтырылған. Қалған 20-сына жай ескерту берілген болуы мүмкін. Хаттама толтырылған әкімшілік істің өзін екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі 453-бап. Екіншісі 489-бап. Бұл дін саласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің ең көп бұзылатын нормалардың қатарына жатады. Бірінші келтірген 453-бап нені реттейді? Мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде белгіленген тәртіп-ережелерді сақтамай, іс-әрекеттерге бару. Мысалы Қазақстанда діни алауыздықты тудыратын немесе ұлттық, нәсілдік келіспеушілікке апаратын жазбаларды тарату, жариялау. Біреудің дініне, нәсіліне, абыройына тіл тигізсе, 453-бап бойынша жауапқа тартады. 25 пен 50 айлық көрсеткішке дейін айыппұл көзделген.
Екінші 489-бап ҚР қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғандар үшін қарастырылған. Мысалы, бір ұйым тіркеледі, бірақ ол тіркелген жерде емес басқа жерде жұмыс жасап жүруі мүмкін немесе тіркелгені басқа, істеп жүрген жұмысы басқа болуы ықтимал. Бұл баптың ауқымы өте үлкен. Осы баптың 9-тармағында ҚР белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе қызметі тоқтатылған, тиым салынған қоғамдық бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау 100 айлық есеп көрсеткішінде айыппұл салынады. Мысалы үшін «Талибан» Қазақстан территориясында жұмыс жасауға тиым салынған ұйым. Әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз немесе БАҚ-та талибандар Ауған елін басып алды деген ақпараттарды жарыса жазып жатыр. Бұл біздің мемлекет үшін, азаматтар үшін өте қауіпті деп ойлаймын. Бұлар өздерінің біржақты діни ұстанымын жүргізетін ұйым болғандықтан, әлемге үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан азаматтарымыз бүгінде осы ақпараттарды таратуда өте сақ болғаны жөн.
453-баптың 10 тармағында ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген сол сияқты қызметі тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне қатысу 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп көрсетілген. Бұл қатысу деп нені айтамыз? Ол лекциялар тыңдау, солардың үгіт- насихат парақшаларына тіркеліп,оларды өзінің парақшасына көшіріп басу, немесе тарату,өз ортасында насихаттау. Осы баптың келесі 11- тармағы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген,сол сияқты қызметі тоқтатыла тұрған немесе тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктерін қаржыландыру 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы жағдайда азаматтарымыз көбінесе алданып қалады.
Дін саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар көп болады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың әкімшілік құқық бұзушылықтардан қандай айырмашылығы бар? Әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлмен немесе белгілі бір мүлікті тәркілеумен шектелетін болса, қылмыстық құқық бұзушылық бас бостандығынан айырады. Мысалы, ҚР қылмыстық кодексінің 255-260-баптары бойынша террористік немесе экстремистік сипаты бар қылмыстық іс әрекеттер дін саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар болып табылады. Жоғарыдағы баптарға байланысты қандай жауапкершіліктер болуы мүмкін? Бірінші, мүлікті тәркілейді, екіншісі, ҚР азаматтығынан айырады, үшінші, 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, және өмір бойы бас бостандығынан айыру.
Экстремиситік және террористік ұйымдар азаматтарды қалай арбайды? Осы ұйымдар азаматтарды өзіне тарту үшін тегін ағылшын тілі немесе басқа да тегін сабақтар береміз деп, оның жақын туысқандарына қарсы қояды. Қыздар мен келіншектерге жалақысы көп және оңай жұмыс береміз дейді, ал жігіттерге шетелге апарамын деп алдауы мүмкін. Арбаудың жолы өте көп болады, бүгін бір жолы болса, ертең басқа жолы шығуы мүмкін. Сондықтан өте абай болу керек» дейді маман.
Иә, көкірегінде сәулесі бар адам үшін құқықтанушы ұстаз біршама жайттарды ашып көрсетті және ескертті. Бүгінгідей ақпараттық майдан жүріп жатқан заманда әр ақпаратқа зер залып, зейін төге қарау керек. Өте мұқият болмақ абзал. Мұқияттылық әркімнің өзі үшін қажет. Өйткені сол адамның өзі арандап қалуы әбден мүмкін. Білмей, байқамай жасадым дегенді заң кешірмейді. Сол үшін құқықтық сананы, құқықтық мәдениетті көтеру аса маңызды. Ол басқаға, бөтен біреуге емес, әр азаматтың өзіне керек. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ Анықбай