Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды деген қағиданы ұстанған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы тағдырын сор, өмірін қор еткен жандармен үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Олардың уланған санасын, былғанған түсінігін психолог, теолог мамандар арқылы жөнге салуды көздейді.
Әлеуметтің арасында Алланың хақ жолын іздеймін деп жүріп, жалған діннің жетегінде кеткендер көп-ақ. Өкініштісі ертеректе мұндайларға аса мән бермегендіктен, қатарын көбейтіп алдық. Бір қуанарлығы адасқан жандармен мемлекет арнайы айналысып, олар қатарға қайта қосылып жатыр. Статистикаға сүйенсек, жырақтан жұмақ іздегендер кейінгі кездері тіркелмеген. Бірақ бұл тоқмейілсіп, арқаны кеңге салу керек дегенді білдірмейді. Олай дейтініміз деструктивті діни теріс топтар арбауы мен алдауын тоқтатқан жоқ. Құрту мен бұзуды, бүлдіру мен құлатуды жалғастыруда. Мемлекеттік арнайы органдар бұл жайтты біліп отыр және нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Болғанды болғандай, барды бар деп айтуымыз керек. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Халықтың қамқоршысы, қорғаушысы – мемлекет. Мемлекетке қарсы пікір, теріс көзқарас қалыптастыруда жат ағымдардың үлесі зор. Алып-қашпа, жалған сөзден аулақ болған жөн. Не нәрсеге де көз жеткізіп барып тоқталған абзал. Қай кезде де қырағылық пен сақтық қажет. Сақтансаң сақтаймын деген шариғи тәмсіл де бар.
Экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қауіптен сақтау тек қана түсіндірумен шектелмейді. Кейде тағдыры тәлкекке түскендерден сабақ алу да керек. Мәселен, қызылордалық Нұрсын (есімі өзгертілді – ред.) Шам жерінен опық жеп оралған жан. Отыз екі жастағы Нұрсын ақылынан адасып, жат ағымның тырнағына ілініп, жастығын жоғалтқан кезеңді есіне алғысы келмейді. Алайда оның Сириядағы сергелдеңді есіне алғысы келмегенмен, болған оқиғаны баяндауға мүдделі болып отырмыз. Суыртпақтап сөзге тарттық. Ақтарылып түспегенмен, азын-аулақ мәлімет алдық. Нұрсын былай дейді: «Мамам соңғы уақытқа дейін менің қайда жүргенімді білген жоқ. Кубейтте жүр деп ойлады. Қайда жүргенімді айтпадым. Жүрегін ауыртқым келмеді. Үлкен кісі, жетпісте. Жат жерде үнемі қиналып, уайыммен жүресің. Білесің, бірақ, қалай айтсам екен? Сен басқашасың. Ондай болғың келмейді. Ешкімді кінәламаймын. Өзімнен көремін. Әркім өзіне жауап береді. Қандай сатқындықтың болғанын күйеуім айтты. Күйеуім, «мен сендерді бұл жаққа неге алып келдім?» деп қатты өкінді».
Иә, қателескен кезін кім есіне алғысы келеді?! Кеш те болса, ес жиды. Бұл оның көңіліндегі көктемді күз, жүрегін мұз бен сыз алмастырған кезең еді. Жарын жырақтағы содырлар өлтіріп, балалары бораған оқтың астында ауыр азап тартқан уақыт болатын. Отбасымен былыққа батардың алдында Нұрсынның күйеуі өмірдің мәні неде деп жауап іздеп, дінге бет бұрады. Құланның қасуы мен мылтықтың басуы дөп келдінің керіндей дәл сол сәтте ол жат ағымның тұзағына ілінеді. Солардың өтірігіне алданады. Ілім-білім алмастан отбасын сыртқа сүйрейді. Нәтижесінде өзі мерт болып, әйелі үш баласымен босып кетті. Елге мемлекеттік «Жусан» операциясымен оралған Нұрсын қателігін кеш түсініп, бармағын шайнап, өзін кінәлайды.
Осындайда «жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген халық арасында айтылатын сөз еріксіз еске түседі. Көп жағдайда жақсы-жаманды өзіміз жасаймыз. Аңдамай, абайламай арандаймыз. Қателікке ұрынамыз. Ақиқатқа үңілмейміз, ойланбаймыз. Содан барып опық жейміз. Осы тұрғыда арнайы маманға да сөз бере кеткенді жөн көрдік. Оқырман қауым біле жүрсін.
Жандәулет Сүлейменов, теолог: «Сирияға шығу керек. Сол жақтағы мұсылмандарға жәрдем беру керек. Бауырларға көмектесу керек. Бұл қолдан жасалған фитнә, былай айтқанда... Қолдан жасалған бүліктерге әлемдегі ислами ұстанымдарды, ислами көзқарастарды, ислами терминдерді дұрыс түсіне алмаған, теріс түсіндірген күштердің әсері арқылы шетелдегі қарулы қақтығыстарға адасып барды. Ықпалды күштер соған итермеледі».
Ең басты білу қажет нәрсе – исламды желеу етіп, шариғатты бұрмалайтын үлкен күштің бар екені. Олардың мақсаты елді адастыру. Мемлекеттік құрылымды бүлдіру. Отбасын ойрандау. Шаңырақты шайқалту. Тағдырды тәлкек ету. Осындай жамандыққа тәтті тілмен, сиқыр сөзбен барады. Мән беріп, астарына үңілмеген жанның алдануы оңай. Жақсы өмірдің қадірін білген дұрыс. Кейіпкеріміз Нұрсын да жақсы өмірдің қадірін кеш білгенін жеткізген еді: «Ол жақтағы жағдайды көргеннен кейін бейбіт өмірдің, тыныш ұйқының, балалардың алаңсыз өмір сүруінің қадірін түсіндім. Адамның ең басты бақыты не екенін елге қайта келгеннен кейін ұқтым».
Иә, біз кейде көп нәрсенің қадірін біле бермейміз. Пенде болған соң, әрнәрсені талап етеміз. Сөйтіп жүріп, қателікке бой алдырамыз. Шын мәнінде Қазақстан секілді берекелі ел кемде-кем. Әрине, кем-кетіктер бар, өйткені біз әлі жас мемлекетпіз. Түзеледі, өзгереді. Бірақ өздігінен емес. Барлығымыз оған атсалысуымыз керек. Дұрыс бағытпен жүруге тиіспіз. Міндетті түрде қателесіп, шалыс басу міндет емес. Өмірді бүлдірмей, тура жолдан ауытқымаған абзал. Мысалы үшйін Нұрсын бүгінде өзгерген. Араласатын ортасы түзу адамдар. Теологиялық оңалту сабақтарынан қалмайды. Жақын арада тігіншілер шеберханасын ашпақ екен. Арнайы курста оқып, біліктілігін шыңдап, алты жүз мың көлеміндегі грантқа ие болыпты. Бауырларының көмегімен сұлулық салонын ашқан.
Нұрсынның келесі белесі баспаналы болу. Сол пәтерде Усамат, Омархалифасын бақытты етсем дейді. Шам жерінде дүниеге келген ұлдары тамырын, тарихын білетін саналы азаматтарға айналса екен деп армандайды. Сондай болуды тілеп отыр. Бұл Нұрсынның қате қадамынан кейінгі әрекеті. Тағы да қайталап айтуға тура келеді. Қателесіп барып, жөнге түсу міндет емес. Бірден дұрыс жолға, оң бағытқа жүрмек ләзім. Ол үшін білімді көтеріп, сауатты ашқан дұрыс. Жау жоқ деме жар астында. Сақ болайық! Сақтанайық!