Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

"Мамай үшін өз қалтасы мен халық қаражаты арасында ешқандай айырмашылық жоқ" – Байбектің заңгері

Заңгер Айжан Ташенова белсенді Ж.Мамайдың сот шығындарын өтеуге қажет деген желеумен халықтан ақша жинап жүргеніне қатысты пікір білдірді. Маман Мамайдың бұл әрекетін циркке теңеді. Белсендінің елден ақшаны арнайы шотта емес, өзінің жеке картасына жинауының өзі күмән тудыратынын басып айтты.

"Мамай үшін өз қалтасы мен халық қаражаты арасында ешқандай айырмашылық жоқ" – Байбектің заңгері

«Ол арнайы шотты емес, өзінің жеке «Kaspi» картасын көрсете отырып, қаражат жинайтынын хабарлады. Бірден осылай ақша жинаудың ашықтығы мен заңдылығы туралы мәселе туындайды. Яғни, Мамай үшін басынан бастап өзінің қалтасы мен халық қаржысының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Жағдайды пайдаланып, Бауыржан Байбектің есімін жамыла отырып, Мамай өзіне және өзінің пайдакүнемдік мақсаттарына ақша жинап, одан да көп ақша табамын деп үміттенеді», - деп жазды заңгер фейсбук парақшасында.

Оның сөзінше, азаматтардан жария түрде қаражат жинау кезінде басты мәселе – транспаренттілік болып есептеледі. Қаржы жинауды ұйымдастырушы адал адам жеке шот ашып, халық алдында алынған әрбір теңге үшін есеп беруі тиіс дейді.

«Ж.Мамайдың ісі басқа: ол үшін адамдардың пікірі мен адалдық – ең соңғы орында. Салық төлемей, көлеңкеде жұмыс істеуге дағдыланған ол ашықтықтың не үшін қажет екенін түсінбейді. Бұл бірнеше рет дәлелденді. «Трибуна» газетінде Мамай мен Иманбаеваға бөлінген қаражат журналистерге берілмегені осының айқын дәлелі. Бұл туралы бәрі жазды, бірақ Мамай сотта бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. Нәтижесінде Ж.Мамайдың жинаған қаражаты бойынша қалай есеп беретінін көрейік. Ол үшін ол өз шотынан үзінді көрсетуі керек. Мамай мен Иманбаеваның беделден жұрдай екенін ескере отырып, ешкім оларға өз ақшаларын сеніп тапсыра алмайды деп сеніммен айтуға болады. Олар бұл қаржыны өздері шотқа салып, халықтың қолдауы деп жарияламақ», - деді.

Бұған қоса, заңгер белсендінің сот шығындарына қатысты таратқан мәліметіне қатысты да пікір білдірді.

«Әдеттегідей, өндіріп алынатын сома менің еңбекақым мен сараптама жүргізу бойынша қызметтерді төлеуге жұмсалатыны туралы айтқанда өтірік мәлімдеме жасайды. Маған сенім білдіруші бірнеше рет мәлімдегендей, ол жауапкерлер төлеген барлық ақшаны аутизмі бар балаларды қолдау үшін «Болашақ» корпоративтік қорына аударады. Жауапкерлерге қарағанда бұл қор 10 жылдан бері қайырымдылық саласында табысты және ашық жұмыс істеп, келіп түскен әрбір теңге үшін жария есеп беріп келеді. Қор өз жобаларымен бүкіл ел бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесіп, мыңдаған ата-аналардың сеніміне ие болды. Ж.Мамайға одан өндіріп алынатын соманы «Болашақ» қорына өз бетінше аударуды және маған түбіртегін жіберуді ұсынамын. Реквизиттер Қордың сайтында бар. Біз мұны сот шешімінің осы бөлігі орындалды деп санайтын боламыз. Осы әрекет арқылы Мамай, кем дегенде, соттың мәжбүрлеуімен қоғам үшін пайдалы нәрсе жасайды», - деп қосты Ташенова.

Сондай-ақ заңгер жауапкерлердің сот процесі өтіп жатқан уақытта қымбат айфондарын көрсетті, дрондар мен камералардың көмегімен роликтер түсіргенін де тілге тиек етті. Мамай мен Иманбаева фильмдерін түсіру үшін елордаға және басқа аймақтарға үнемі барады, Түркияда демалыста болды. Әлеуметтік желілерде өнімдерін жарнамалау үшін миллиондаған теңге жұмсады. Бұған қоса интернетте Ж.Мамайдың элиталы аудандардың бірінде орналасқан коттеджі, шетелден грант алғаны туралы ақпарат тарағанын да айтып өтті.

«Алайда сот шығынын төлеу қажет болған кезде, Ж.Мамай мен И.Иманбаева маған сенім білдірушінің барлық сот шығынын тиынына дейін есептеп шығып, бұл соманы төлей алмайтынын мәлімдеді. Осылайша өздерінің ашкөздігін көрсетті. Олар үшін ең маңыздысы – ақша. Енді сот шешімінің орындалу барысына тоқталайын. Күні кеше мен жеке сот орындаушысына сот шығындарын өндіріп алу бөлігінде орындау қағазын ұсындым. Атқарушылық іс қозғалды және мәжбүрлі түрде орындату шаралары қабылданып жатыр. Жауапкерлердің есепшоттары мен мүлкіне ауыртпалықтар салынды. Оларға белгілі бір әрекеттер (нотариалдық) жасауға тыйым салынды. Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның шектен тыс пайдакүнемшілдігін ескерсек, дәл осы себептер олардың сот шығындарын төлеуге әрекет етуіне себеп болды», - дейді заңгер.

Сонымен бірге, заңгер белсендіге сот шешімін толық орындау қажеттігін еске салды.

«Сот шығындарын төлеуге қаражат жинау іс жүзінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның сот шешімін орындауға кіріскенін білдіреді, яғни олар оны мойындап отыр. Бірақ бастысы бұл емес. Жауапкерлер біз үшін сот шешімінің ең маңызды бөлігі – жалған видеоматериалдарды өшіріп, оны теріске шығаруы қажет. Бұл талаптар бойынша орындау қағаздары сот ұсынған мерзім аяқталғаннан кейін 27 тамызда сот орындаушысына ұсынылады (шешім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн).

Мен заңгер әрі азамат ретінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты сот шешімінің толық орындалуына қол жеткізетін боламын. Әркім әрекеті үшін жауап беруі керек», - деп түйіндеді сөзін Айжан Ташенова.