Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Қарағандыда екі жүздей үй ауызсусыз отыр (ВИДЕО)

Негізі бұл жеке сектор орманның жанында орналасқан. Сөйте тұра шаң мен саз, қоқысқа толып бара жатқаны тұрғындарды алаңдатып отыр.

Қарағандыда екі жүздей үй ауызсусыз отыр (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Қарағандыдағы жеке секторлар өркениетке қосыла алар емес. 200-дей баспана, басқасын айтпағанда, әлі күнге ауызсуға жарымай отыр деп хабарлайды Paryz.kz.

"Астана" телеарнасының мәліметінше, Сабыр ата халық арасында Сахалин аталып кеткен жеке секторда 40 жылдан бері тұрады. Алғашында суды тасып ішкен. Біраз жыл бұрын ауласынан құдық қазып алыпты. Ал екі- үш қадам жерде дәретхана тұр. Сондықтан қария судың сапасына күмәнмен қарайды.

Міне, мынау - менің құдығым. Мінеки, су алам осыдан, осы суды ішемін. Осымен  кір жуамыз. Ведромен үйге тасимыз. Анау канализация жоқ. Туалеттің түрі, міне. Өзіміз қаздық, сол суды таза ма, таза емес пе, әйтеуір білмеймін, - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Сабыр Мүфтиев.

Жеке сектор көпқабатты үйлер мен жылу жүйесіне жақын орналасқан. Тұрғындар коммуналды қызметті көшеге әкеп берсе, үйлеріне тартып алуға әзір екендерін айтады. Оларды жолдың азабы да титықтатқан.

Біз акиматтың өкілдеріне шағымданғанбыз. Ол кісілер бізге уәде берген осы міселені көтереміз, шешіледі деп. Бір жұмадан кейін жауабын айтамыз деді. Бірақ шешілмек тұрмақ жауабын да күтіп ала алмадық ол кісілерден. Жауаптыларға мәселенің жылдар бойы неге шешілмей келе жатқанын сұраған едік, - дейді қала тұрғыны Талғат Омаров.

Айтуларынша тұрғындар бұған дейін арызданбапты. Былтыр ғана шағымданған көрінеді. Осының негізінде құбыр тарту жұмыстарын қолға алдық дейді.

Кәріз және су құбыры Сахалинда 2022 ия 2023 жылда жоспарланып отыр. Кәріз бен су мәселесін шешкеннен кейін жарықтандыру және жол жасау мәселесі қарастырылады, - дейді Қарағанды қаласы Октябрь ауданы ТҮКШ басқармасының басшысы Серік Дүйсембаев. 

Негізі бұл жеке сектор орманның жанында орналасқан. Сөйте тұра шаң мен саз, қоқысқа толып бара жатқаны тұрғындарды алаңдатып отыр.