Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Тауды тонналап тасып жатыр": Түркістан облысының тұрғындары наразылыққа шықты (ВИДЕО)

Жарылыс салдарынан үйлерінің қабырғалары қақырап, едендері қисайып, құлаудың сәл-ақ алдында тұр екен.

"Тауды тонналап тасып жатыр": Түркістан облысының тұрғындары наразылыққа шықты (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылының тұрғындары іргесіндегі кен өндіруші компаниялардың жұмысына наразы. Жергілікті халықтың айтуынша, қатты жарылыстардан үйлер мен ғимараттарға айтарлықтай зақым келген. Зиянды заттардан ауа ластанып, салдарынан елді мекен ішін түрлі дерт жаулады деп ашынып отыр деп хабарлайды Paryz.kz, "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тұмса табиғатымен танымал Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылының жанындағы таудың қазіргі сыйқы осындай. Ірі компаниялар 17 жылдан бері оны әр жерінен жарып, цемент пен темірге қажетті қоспаларды тонналап тасып жатыр екен.

Соңғы екі жылда тұрғындардың айтуынша, жару жұмыстары жиілеген. Күндіз-түні жаратын салдарынан тау шөгіп барады. Ал негізі біз тұрған жер тұрғындардың айтуынша, ең биік шыңдарының бірі болған.

Жарылыс салдарынан үйлерінің қабырғалары қақырап, едендері қисайып, құлаудың сәл-ақ алдында тұр екен. Тіпті, өндіріске қажетті зиянды қоспалары ауамен таралып, қойлары іш тастап жатса, әйелдердің денсаулықтары сыр беріп, құрсақ көтеруден қалды дейді.

Әмір Айтжанов, Түлкібас ауданының тұрғыны:

Одан кейін жерасты сулары төмендеп кетті уже. Бұлақтардың көзі жабылып қалды. Ал малдың жайылымын ластап жатыр. Қазір малдар қозы тастап жатыр. Болмаса, сойсаң өкпе-бауыры жеуге жарамайды.

Сондай-ақ тұрғындар ауыл ішінен арлы-бері жүк артып алып жүйткейтін КамАздарды және кен орындағы жару жұмыстарын үзілді-кесілді тоқтатуды талап етіп отыр.

Шаяхмет Елубаев, Түлкібас ауданының тұрғыны:

Біз жаңағы прокуратураға жаздық, жаңағы әкімшілікке де айттық. Ешқандай результат жоқ ол жақтан.

Ауыл тұрғындары жауаптыларға айта-айта әбден шаршадық дегеннен кейін, бір шешім қабылданбағаннан кейін, өздері жолды жауып ауыр жүк көліктерін өткізбейміз деп білек сыбана кірісіп отыр. Яғни, осы жерді күндіз-түні қарауылдауға дайынбыз дейді.

Жарылыстан қатты зардап шегіп жатқан ғимарттардың бірі - ауылдағы жалғыз балабақша.

Айнұр Жаппарова, балабақша меңгерушісі:

Жарылыс болған кезде, әсіресе балалар ұйықтап жатқан кезде, шошып оянады. Ол бір дауыс емес, артынан бірнеше рет жарылыс болған кезде бала тіптен басқаша бір күй кешеді. Біз оны бәріміз жан-жақтан жабылып басып, балаға түсіндіру өте қиын.

Ал аудан басшылығы бұл мәселеден хабардар. Бірақ аталмыш компаниялардың жұмысына араласа алмаймыз дегеннен әрі аса алмады. Себебі, Экология министрлігі темір рудаларын өндіруге рұқсат беріпті.

Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда ауылдың сыртынан жол өткізу мәселесі бірінші кезекте тұрған мәселе. Сол бойынша қазіргі таңда аудан әкімінің қаулысын шығарып, жергілікті ЖКХ бөліміне қазіргі таңда сол жолды демеушілер есебінен жұмыстар жоспарланып жатыр. Жарылыстың мөлшерін азайтуды ұсынған болатынбыз.

Ал кен орнында жұмыс істеп жатқан үш бірдей компания өкілдері барлығы заңды, ал ауыл тұрғындарының шағымы негізсіз деп қысқа қайырды.

Дархан Жиенбай, "Ferrum Construction" ЖШС директоры:

Ондай тәжірибиені әлемде ешкім ойлап тапқан жоқ. Жармай қазып алу. Ол тас оны экскаватор қазып ала алмайды. Оны әлемде астынан бұрғылап алады, астынан шахтамен. Ол егер 100 метрден төмен болған жағдайда. Ал бетінде жатқан руданы ешкім жармай ала алмайды.

Айта өтейік, кәсіпкерлер, әкімшілік және тұрғындар арасында бұған дейін үш жақты меморандум түзілген. Яғни, ауылға көмек көрсету мақсатында. Бірақ тұрғындар ешқандай көмектің қажеті жоқтығын айтып, тек жару жұмыстарын жуық арада тоқтатуды талап етіп отыр.