Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Алматының бұрынғы бас имамы Мамайдың елден садақа жинамақ пиғылын айыптады

Алматының экс-бас имамы Еркінбек Шоқай демпартияның басшысы Жанболат Мамайдың сот шығыны бойынша қарызын өтеу үшін елден жинап жүрген садақасын теріс пиғыл деп таныды.

Алматының бұрынғы бас имамы Мамайдың елден садақа жинамақ пиғылын айыптады
Фото: Facebook Erkinbek Shokai

Бұл туралы бұрынғы имам өзінің Facebook парақшасында пікір білдірген. Дәлірек айтқанда Еркінбек Шоқай Жанболат Мамайдың садақа жинау ісін айыптап, исламдағы қасиетті ұғымдарды келекеге ұшыратуға болмайтынын атап, «садақа» сөзінің шынайы мән-мағынасына тоқталып өтті.

«Белсендінің сот шығындары бойынша өз мойнындағы қарызын өтеуге садақа жинаймын деп жариялауы сарказмға саятын әрекет екені көрініп ақ тұр. Діни тұрғыдан қасиетті ұғымдарды келекеге ұшырату ұлтымыздың ешбір құндылығына сай емес пиғыл. Еш адамгершілік және моральдық қисынға келмейтін әрекет. Қасиетті құлшылық амалы – садақаны саяси ойынға айналдырып, хайп жасауы әрине мұсылмандыққа жатпайды!», – деді Еркінбек Шоқай.

Оның ойынша «садақа» ұғымын кейбір адамдар шатастырып, түрлі мақсаттарда қолданып келеді. Ал исламда садақа деген адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға саятыны ескертілді.

«Садақа арқылы пенде өзінің Алла алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді. Садақа мұсылманның маңызы зор жеке құлшылық амалдарының бірі. Алла разылығы үшін жасалатын ізгі амал. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген хадис бар. Яғни садақа мен жасалған жақсылық жасырын болуы қажет және игі іске, қайрымдылыққа, мұқтаж жандарға берілуі қажет», – деп сөзін жалғастырды қаламгер.

Одан бөлек Алматының бұрынғы бас имамы жала жабу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша Жанболат Мамайдың әрекеттері еш қисынға сыймайтын ұят іс.

«Ол бауырымыз қасиетті Рамазан айының бірінші күнінде Бауыржан Байбекке қатысты түрлі айыптаулар жариялап, ақырында соттың шешіміне сәйкес өзінің сөзін дәлелдей алмапты. Енді келіп өзінің сот шығыны бойынша қарызын садақа жинау арқылы төлеймін деген саяси ойыны ұят-ақ», – деді Еркінбек Шоқай.