Бұрын Орал қаласының орталығындағы ескі ғимаратты мекен еткен Ә.Молдағалиева атындағы №38 мектеп-лицейі жаңа оқу жылын Зашаған кентіндегі су жаңа ғимаратта бастамақшы.
"Осыған дейінгі 200 жылдық тарихы бар ескі ғимаратта 15 сынып комплектісі ғана болды. Қала әкімдігі Зашаған кентінде лицей ашуды мақсат етіп қойғаннан кейін осында көштік. Қазір бір ғана Зашаған бау-бақша серіктестігі аумағынан 1200 шәкірт мектепке келіп, оқитын болады. Олар қалаға бармай-ақ енді мектеп-лицейдегі өз ісін жетік білетін, талапшыл ұстаздардан дәріс алады. Осылайша элиталық орта қалыптасса, бұдан бәріміз де ұтамыз. Жаңа ғимаратқа осы кентіндегі №10 мектептен 1200, №47 мектептен 160 оқушы пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен түгелдей ауысып келді. Мектепте қадр тапшылығы жоқ",- дейді мектеп-лицей директоры Шынар Сағынғалиева.
Жаңа оқу жылында мұнда 1940 шәкірт екі ауысымда білім алатын болады. Соның ішінде бастауыш сыныптарда оқитындар саны 934-ке жеткен. Сондай-ақ 187 бала мектепалды даярлық тобына барады. Білім күні бірінші сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы табыс етіледі. Ал басқа сыныптарда «Тәуелсіздік жетістіктері» атты тәрбие сағаттары өтеді.
Айта кетейік, мектеп ғимаратында 49 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ смарт кабинет, робот техникасы, өнер кабинеті шәкірттер үшін дайын. 14 кабинет LED интерактивті тақтамен, 14 кабинет интерактивті тақтамен жабдықталған, барлық кабинеттер интернетке қосылған. Биология, физика және химия кабинеттерінде сандық лабораториялармен жасақталған. 20 орындық оқу залымен кітапхана, 2 шеберхана, 158 орындық көрермен залы, 260 орындық асхана, гимнастика, спорт залдары да бар.
Мұрат ЖҰБАН,
Орла қаласы