Оралда жылумен қамту кәсіпорнында жоспарлы жөндеу басталды. 23-27 тамыз аралығында коллекторларға, бу және жоғары қысымды газ құбырларына жоспарлы кешенді жөндеу жүргізіліп, қысқы жылыту маусымына дейін барлық жабдықтар тексерілмек.
«Жайықжылуқуаты» кәсіпорнының бас директоры Қуат Мусиннің айтуынша, компанияға 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа, яғни күрделі және орташа жөндеуге 405 миллион теңге бөлінген. Жоспарға сай жылу электр орталықтарын жөндеуге – 197 млн. теңге, жылу желілерін жөндеуге – 208 млн. теңге бағытталып отыр. Бүгінде жылу қуаты орталықтарын жөндеу жұмыстары 83 пайызға орындалып, 164 млн. теңге игерілген. Ал жылу желілерін ауыстыру бойынша жұмыстар 70 пайызға тәмамдалған.
– Күрделі жөндеу кезінде, қала тұрғындарына ыстық су беруді уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Бұл жұмыстарды жылда тамыз айының соңында жоспарлаймыз. Биыл кестеге сәйкес, ЖЭО тамыздың 23-і мен 27-сі аралығында жұмысын тоқтатты. Құрылғы толығымен салқындағаннан кейін біз жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Жабдықты ертерек қосып, қала тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз ету үшін күндізгі уақытты толық пайдалануға тырысамыз, – дейді Қуат Мусин.
ЖЭО бас инженері Бақытжан Әкімғожиннің сөзінше, жоспарлы жөндеу жұмыстарымен қатар ЖЭО коллекторларын гидравликалық сынау жоспарлануда.
– Өткен жылыту маусымында ЖЭО-да бірде-бір апатты немесе штаттан тыс төтенше жағдай орын алмады. Бұл жылу электр орталықтарының уақытылы жөндеуден өтіп, алдын алу шараларының нәтижесі, – дейді бас инженер.
Кәсіпорын табиғи газдың көтерілуі мен инфляция деңгейін ескере отырып, 2023 жылдың басынан жылу энергиясына тарифті 5 пайызға көтеруді жоспарлауда. Осы орайда монополияға қарсы комитетке құжаттар дайындалуда.
Томирис СҰЛТАН