Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 12-22 тамыз аралығында Орал қаласы аумағында «Тұрмыс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара шеңберінде Орал қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің 9 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары, ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топ инспекторы бірлесіп, есепте тұрған өнегесі төмен отбасыларды аралады. Өздеріне бекітілген аумақтағы ішімдікке, жанжал шығаруға бейім отбасы мүшелерін үнемі назарда ұстап, кешенді тексерістер өткізді, қала тұрғындарына отбасылық құндылықтар туралы жадынамалар үлестірді. Жалпы онкүндікте Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінде есепте тұрған 837 тұлғағаны тексерді. 365 адамға қорғау нұсқамасы шығарылып, 92 адамға сотпен ерекше талап қойылды. Сонымен қатар полицейлер «ішімдікке салынғандар», «нашақорлар», «қолайсыз отбасы» санаттары бойынша есепте тұрған отбасыларда болды.
– «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасында 395 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 36 адам ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген 10 адам осы кодекстің 73-1-бабы 1 бөлігі бойынша, 6 тұлға 73-1-баптың 2-бөлігімен жауапқа тартылды. Алкогольдік ішімдік ішкен және қоғамдық орындарға масаң күйде келген 34 тұлғаның ісі ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен қаралды. Он күндік шара барысында құқық бұзушылық жасауға бейім 75 тұлғамен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, 11 лекция және тренингтер өткізілді. Сонымен қоса 9 тұлға дағдарыс орталығына орналастырылды, – деп хабарлады Орал қаласы Полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова.
Томирис СҰЛТАН