Бергей Рысқалиев астанадан 3 бөлмелі пәтер әперді – Абзал Құспан

Заңгердің айтуынша, қазір Ұлыбританияда тұратын Бергей Рысқалиевпен әлі күнге жақсы араласады.

Бұрынғы Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев 2013 жылы жемқорлық фактісімен және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталғанда адвокаты болған Абзал Құспан экс-шенеунікпен аралас-құралас туралы айтып берді. Qasqa Jol Youtube арнасындағы сұхбатында заңгер оның Елордадан 3 бөлмелі пәтер алуға көмектескенін де жасырмады деп хабарлайды Paryz.kz.  

Мен астанадан 1 бөлмелі пәтерді қарастырып жүргенімде Рысқалиевтің көмегі бар және тағы бір кәсіпкердің ісі сәтті шығып ол да қолдап, астанадан 3 бөлмелі пәтерді паркингімен қосып алуға мүмкіндік туды. Одан басқа да бір ірі кәсіпкердің жұмысы сәтті аяқталып, Орал қаласынан 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыстады. Бергей Рысқалиев алуға көмектескен үйді былтыр сатуға тура келді. Себебі жиі келмегендіктен қараусыз қалып, жайсыздық тудырады, - деп ағынан жарылды адвокат.

Заңгердің айтуынша, қазір Ұлыбританияда тұратын Бергей Рысқалиевпен әлі күнге жақсы араласады.

Мен ол кісіне ағам сияқты көрем. Еуропада кездесіп тұрамыз, бірақ пандемия кезінде қатынас тоқтап қалды. Өте намысшыл, бірбеткей, көп сөзге жоқ, істің адамы. Спортпен айналысқан, әлі күнге формасында. Әңгімесін тыңдасаң, еш мойындағысы келмейді, бірақ елге келгісі келетіні, сағынышы байқалады, - дейді А. Құспан.