Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Орал жастары" облыстық байқаудың бас жүлдегері атанды

БҚО тілдерді дамыту басқармасы мен «Интеграл» ЖҚБ ұйымдастырған «Жақсы сөз – жанның тынысы» атты өңірдегі мекеме-кәсіпорындар арасындағы байқауда Орал қалалық ақпараттық талдау және  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бас жүлдені иеленіп, 200 мың теңге сыйақыға ие болды.

"Орал жастары" облыстық байқаудың бас жүлдегері атанды

Байқау мекемелер мен кәсіпорындар арасындағы мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлердің санын арттыру, рухани құндылықтарды  насихаттау, қоғамның әр саласында  қызмет етіп жүрген мамандарды ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Облыстық тілдерді дамыту  басқармасы басшысының  міндетін атқарушы С.Ғаниеваның айтуынша, топтық байқауға бұған дейін кәсіпорын-мекемелердің көбірек қатысуына мүмкіндік берілген. Өткен жылы пандемияға байланысты байқау онлайн түрінде  өтсе, биыл қатысушылар шектеліп, өтінім бергендерден 4 команда ғана байқауға жіберілген.

Байқау бес кезеңге құралған. Әр кезеңнің тапсырмалары ел Тәуелсіздігін ұлықтау, ҚР тіл саясатын іске асыру, салт-дәстүр, әдебиет пен тарихты қамтыды. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік – тұмарым» атты бірінші кезеңде  қатысушы ұжымдар қысқаметражды бейнеролик арқылы өздерінің жұмыс бағыттары, алға қойға мақсат пен мекемеде тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүргізілуі туралы  баян етті. Екінші кезеңде алдын ала берілген «Тәуелсіз еліме – 30 жыл», «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл», Д.Нұрпейісованың 160 жылдығына орай «Ұлы дала күйшісі» тақырыптар бойынша топ мүшелерінің жазған эсселері қазылар алқасына ұсынылды. Топтардың  әдебиет пен тарих, салт-дәстүрге байланысты білімдері және  ҚР «Тіл туралы» заңын білу деңгейлері «Ойлан, тап!» және «Бәйгеге түсіп жарыспай...» кезеңдерінде сыналды. Сондай-ақ сурет арқылы мақал-мәтелдерді табу тапсырмасы шешуші  кезең болды.

Әр кезеңде жүлдеге үмітті командалар байқауға жауапкершілікпен және жоғары  деңгейде дайындалғандарын көрсете білді. Нәтижесінде Орал қаласы ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы – Бас жүлдеге ие болды. БҚО Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі – І орынға, Шыңғырлау ауданынан қатысқан «Ұлағат» тобы – ІІ орынға, тасқалалық «Тәуелсіз ел жастары» – ІІІ орынға ие болды.

Командалар облыстық тілдерді дамыту басқармасының дипломымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Томирис СҰЛТАН