Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда мүмкіндігі шектеулі жас суретшілердің аукцион көрмесі өтпек

Орал қаласында «Аялы алақан» атты қоғамдық қайырымдылық қоры бар. Тоғыз жыл бұрын құрылған қордың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, жетім дарынды балалардың қабілеттерін ұштап, оны дамыту. 

Оралда мүмкіндігі шектеулі жас суретшілердің аукцион көрмесі өтпек

Қордың ұйытқы болуымен сөйлеу, есту, көру қабілеттері төмен және зерде бұзылыстары бар дарынды балғындарға арнайы кәсіби мамандар дәріс береді. Көбінің сурет салуға құштарлығы ерекше болса, араларында шет тілін үйренушілер де бар. Жас маман Дәурен Ғұмаров арнаулы мектептерде оқитын осынау балалармен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары барын, бірақ, таланттарына ерекше сүйсінетінін жасырмады. Жас суретшілер сол тылсым өнердің құдіреті арқылы ішкі толғаныстарын жеткізеді екен. Сондай шәкірттердің бірі – Анастия Осиновскова. Төрт жыл бұрын сурет үйірмесіне келген оның қыл қаламынан туған дүниелер қазір «Әлем –  балалар көзімен» атты байқауларда топ жарып, еліміздің барлық қалалары мен шет елдерде де болып қайтыпты.

Қыркүйек айында алғаш рет Орал қаласында Анастасия секілді жас суретшілердің аукцион көрмесі өтеді.

– Қай кезде де талантқа тұсау жоқтығын біздің шәкірттеріміз өз істерімен дәлелдеп отыр. Әрі дүние жүзін әбігерге салып қойған пандемия да өнерге бөгет бола алмауда. Әрі мұнда барлық сабақ тегін, бұл ата-аналар үшін де үлкен жеңілдік. Реті келген соң айта кетейін, Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінің көмегі арқасында біз мүгедек балалардың алғашқы көрмесін Үндістанда, кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде өткіздік. Армения мен Түркіменстан елінде де болды. Бұл игі бастама өз жалғасын табатынына нық сенімдіміз. Енді биылғы басты жетістігіміз – облысымызда ұйымдастырылғалы отырған жас суретшілер көрмесі. Оған шет елден де қонақтар қатысады. Әрі танымал суретшілеріміздің сыйға тартқан туындылары аталмыш қайырымдылық аукционына шығарылып, өз иелерін таппақ.

Болашақта жиналған қаражатқа мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін сабақ өткізетін өнер мектебін ашсақ деген ойымыз бар,-дейді «Аялы алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушева.

Жұбан МҰРАТ