Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Контейнерде 4 жыл қыстаған елордалық мұғалімге үйді әкім емес, имам сыйлады

Сырқат күйеуі мен екі баласын асырау оңайға соқпаса да, Мая Қоянды мектебіндегі ұстаздық қызметінен қол үзбеген.

Контейнерде 4 жыл қыстаған елордалық мұғалімге үйді әкім емес, имам сыйлады

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елорда іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны Мая Цопонқызына үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады, деп хабарлады paryz.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.

"Төрт жылдан бері 40 тонналық темір контейнерді паналап келген мектеп мұғалімі бүгіннен бастап өз баспанасына кірді. ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйытқы болуымен 279-баспана кілті – Мая Цопонқызына төл мерекесінде жасалған теңдессіз сыйлық болды", - делінген хабарламада.

Осыдан 4 жыл бұрын жұбайы Әскер Калемханұлы басынан жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалғалы тағдыр тауқыметі титықтатқан шарасыз отбасы темір контейнерді паналап келген. Сырқат күйеуі мен екі баласын асырау оңайға соқпаса да, Мая Қоянды мектебіндегі ұстаздық қызметінен қол үзбеген. Қиындықпен жалғыз алысқан қайсар жанға құрмет ретінде мерекелік шара – Мұғалімдер күніне орайластырылып, Калемхановтар отбасы үшін тосын сый жасалды.

Игілікті шараға сенатор Дана Нұржігіт арнайы қатысып, мектеп мұғалімінің қуанышымен бөлісіп қайтты. Жаңа баспанада жайылған дастархан басында ізгі тілектер айтылып, қазақы дәстүрге сай жаңа шаңыраққа қажетті сыйлықтар тарту етілді. Игі шараға демеушілік танытып, сүттей ұйыған бір отбасының бақытты болуына септігін тигізген Ерлік Хайдарұлы бастаған ел ағалары да қуаныштың басынан табылып, ізгі тілектерін білдірді.