Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Семей маңындағы ауыл тұрғындары әкімдікке тағы да талап қойды

Водный және Восход ауылдарының тұрғындары әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жергілікті басшылармен көп жиын өткізген, тіпті осы жайттарды көрсетіп, Қазақстан Президенті әкімшілігіне де хат жазған. Бірақ мәселелер шешілмеді.

Семей маңындағы ауыл тұрғындары әкімдікке тағы да талап қойды
фото: time.kz

Семей маңындағы Восход және Водный ауылдарының 30-ға жуық тұрғыны ауыл мәселелерін талқылау үшін жергілікті билік өкілдерін шақырып, жиын өткізді деп жазды "Азаттық радиосы". 

Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және білім беру бөлімдерінің басшылары жиын басталғаннан бір сағат өткен соң ғана келді. Бұл кезде тұрғындар дуалға "Су қайда?", "Бізге таза су керек" деген жазулары бар плакаттар іліп жатқан.

Ауылда судың, балабақшаның, дұрыс инфрақұрылымның жоқтығынан, қоқыс үйіліп жатқанынан әкімшілік хабардар. Осыдан бір жыл бұрын әкімдіктегілер 2020 жылғы қарашаға дейін магистральдік су құбыры тартылып, 2021 жылы көшелер арасына су құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттары дайын болады деп уәде берген. Бірақ уәде орындалмады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаевтың айтуынша, әкімдік су тартуды көздеген бастоған аукцион арқылы жеке адамға сатылып кеткен, сондықтан жоспарды өзгертуге тура келген. Жеке тұлға екі су ұңғымасын беруге келіскенімен, оның күші тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге жетпейді дейді Өтелбаев. Сондықтан әу баста 253 млн теңге деп бағаланған жоба қымбаттап кеткен.

Қазір Березовский ауылы маңынан, жеті километр жерден магистраль тарту бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. 10 миллион теңгеден астам ақша бөлінді, — деді бөлім бастығы.

Биыл экспертизаға беріледі деген көше ішіндегі су құбырларының жобасы да әлі дайын емес.

Жиналған жұрт Өтелбаевтың сөзіне жамырай қарсылық білдірді.

Басшылық мектеп құрылысы да әлі басталмайтынын айтты.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенконың айтуынша, мектеп салынады, бірақ алдымен техникалық-экономикалық негіздеме болуы керек.

Қазір біз Даниал Кенжетайұлының (Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов – ред.) екі мектеп салу тапсырмасын орындап жатырмыз. 1200 орындық алғашқы мектеп қаңтарда беріледі. Водный ауылындағы мектеп құрылысы жоспарланған, жер бөлінген. Бірақ су жоқ болғандықтан, ол кейінге ысырылды. Водный ауылында – 300 орындық, Правый Восточный ауылында – 300 орындық мектеп салайық деп шештік. Бұл мектептерді салу бойынша негіздеме дайындап жатырмыз, содан соң шешім қабылданады, — деді Фесенко.

Халық шешімнің баяу қабылданатынын, жобаланған мектептің тым кішкентай екенін, оның орны да дұрыс таңдалмағанын айтып шағынды.

Екі ауыл мен саяжай тұрғындары бала көп мектепте үш ауысыммен оқиды. Осы уақыттан бері мектепке арналған жер бар екенін, халық санының өскенін білдіңіздер, Водный саяжайының өзінде ғана 1200 адам тұрады. Соның жартысы – бала. Мектеп, балабақша қайда? — деді үш баланың әкесі Михаил Филипов.

Әділетсіздікке налимын, біз де қалалықтар сияқты салық төлейміз. Неге бұлай істейсіздер? — деп сұрады тағы бір тұрғын.

Водный және Восход ауылдарының тұрғындары әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жергілікті басшылармен көп жиын өткізген, тіпті осы жайттарды көрсетіп, Қазақстан Президенті әкімшілігіне де хат жазған. Бірақ мәселелер шешілмеді.