Оралдағы «Жас саясаткерлер» мектебінде белсенді жастар бас қосады. Жастардың саяси белсенділігін арттыруды, патриоттық құндылықтарды бойға сіңіруді, қоғамға және жалпы мемлекетке деген жағымды көзқарастарын қалыптастыруды мақсат тұтқан мектептен таяуда түлектердің 13-ші легі шығарылды.
– Жастар бұл мектепке сұхбаттасу арқылы қабылданады. Яғни үміткерлерге психологиялық және саяси сұрақтар қойылады. Мектепте саяси сауаттылықтылықтан аптасына 1 рет арнайы сабақ жүргізіледі. Әр сабақты жаңа спикер өткізеді. Сабақ барысы үнемі еркін, әрі жаңа форматта ұйымдастырылады. Қалған уақытта іс-шараларға, семинарларға, тренингтерге қатысады. Бір жыл бойы осы мектептен тәлім алғандардың бойында кез келген ортада еркін сөйлеу, жауапкершілікті мойнына ала білу, ерік-жігер сынды дағдылар қалыптастырады. Осылайша саяси сауатты болып шыққан жас маман кез келген мекеме-кәсіпорында қиналмай жұмыс істей алады, Мектеп бітірген кезде қатысушыларға сертификаттар беріледі. Бұл құжат қызметке орналасу барысында өз септігін тигізеді, – дейді аталмыш мектептің қызметкері Ерлік Шамғалиев.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы