Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының міндетіне жастарды жұмысқа орналастыру, жастарға теологиялық кеңестер беру, мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру да кіреді. Соған орай аталмыш орталық өскелең ұрпақтың күш-жігерін жүйелі жұмсауға бағытталған көшпелі кеңес ұйымдастырды.
Орал шаһарының орталығында орналасқан "Alem Plaza" сауда үйінің аумағында өткен іс-шара аясында сол маңда жүрген жастармен осы бағытта жұмыстар жүргізілді.
-Біз жастарға қатысты мәселелерді шешу бағытында оқу орындарымен және бірқатар кәсіпорындармен өзара әріптестік бойынша меморандумға отырдық. Жастардың азаматтық бастамаларын қолдап, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетінің дамуына баса мән береміз. Теологиялық бағытты да назардан тыс қалдырмаймыз. Яғни теріс діни ағымның, экстремизмнің алдын алу мақсатында жастарға орталық базар, орталық көше, ірі сауда үйлері аумақтарында кеңестер беріледі. Күз айларында оқу орындарындағы студенттермен кездесулер өткізіліп, теологиялық кеңес жұмыстары жүргізіледі,-дейді аталмыш орталықтың жетекшісі Сымбат Қыпшақбай.
Айта кетейік, жастар арасында белсенді өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында орталық жанынан еріктілер корпусы жасақталған. Жыл басынан бері қаламызда өткізілген түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда ерікті жастар айрықша белсенділік танытып жүр.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы