Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Тәтті тілмен алдап, сиқыр сөзбен арбаудың түрлі жолы бар

 Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы интернет арқылы жасалатын экстремизм мен терроризм қаупінің алдын алуға байланысты түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізуде. Интернеттің пайдасы өте көпболғанымен, зиянды жағы да бар. Айталық адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған экстремизм мен терроризм әрекеттері осы интернет арқылы жүзеге асып жатыр. Демек, қарапайым халық қауіптің қайдан келетінін анық білуге, нақты түсінуге тиіс.

Тәтті тілмен алдап, сиқыр сөзбен арбаудың түрлі жолы бар
Фото: informost.com

Интернетті, бейнелеп айтқанда, төрткүл дүниедегі тұтынушылар пайдаланатын мәліметтер қоймасы, бейнелер, дыбыс жазбаларымен ақпарат алмасатын үлкен орта деуге болады. Интернет бүгінгі таңда өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Интернетсіз өмірімізді елестете алмайтын болдық. Жиырмасыншы ғасырдың соңында пайда болған үлкен технологиялық жетістік бізге көптеген мүмкіндіктер берді. Қазіргі пандемия кезінде адамдар қашықтықтан білім алады, қашықтықтан жұмыс істейді, онлайн тапсырыс береді. Осының барлығы интернеттің арқасында. Бірақ интернетке біржақты, яғни, тек қана пайдалы жағынан қарауға болмайды. Мысалы үшін интернетті дінге пайдалана ала  ма? Пайдаланса қандай деңгейде пайдаланып жатыр? Не жасап жатыр? Интернетке деген көзқарас қандай?  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Din-Almaty» инстаграм парақшасында осы бағытта дәріс жүргізген Әл Фараби атындағы ҚазҰУ «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының аға оқытушысы PHD доктор Динара Сахыпқызы Өтебаева талқылау тақырыбын осылай бастап, интернетке жүргізілген зерттеуді әріден бастады.

«Интернеттегі дін мәселесін зерттеу  90-жылдардан бастау алды. Оны батыстық ғалымдар үш толқынға бөледі. Қазіргі кезде төртінші толқын қосылды деп айтуға болады. Бүгінгі таңда біз басқаша тенденцияны байқап келе жатырмыз. Интернеттің қарқынды дамуына байланысты қазіргі кезде ол дін таратушы миссионерлік  өріс, миссионерлік кеңістік ретінде қарастырылып отыр. 

Батыс зерттеушілерінің айтуы бойынша, интернетте дін екіге бөлінеді. Біреуі: дін онлайнда, яғни біз білетін діни сенімдер онлайнға шығады. Мысалы олар өздері туралы сайт ашып, белгілі бір мәліметтермен, ақпараттармен  таныстырады. Ал екінші түрі ол - онлайн дін. Яғни, ол интернеттің өзінде, кибер кеңістікте виртуалды әлемде пайда болған онлайн діндер.

Интернет кеңістіктегі осы діннің төрт  түрлі формасы бар дейді  Хэйди Кампл деген зерттеуші. Бірінші: онлайн діни ақпарат беретін орта,екінші: ойнлайн ритуалдар мен құлшылық, үшінші:еріктілерді тарту және онлайн миссионерлік қызмет, төртінші: діни онлайн қауымдастық.

1.Онлайн діни ақпарат беретін орта. Егер сенуші өзінің сұрағын жазып жіберсе,оған әртүрлі діни сайттардан жауап береді.

2.Онлайн ритуалдар және құлшылық. Мысалы,компьютер мамандары виртуалды ақиқат шіркеуін құрып, бұл шіркеуге адамдар тіркеліп, белгілі бір аватарды таңдап, өздерінің  діни құлшылықтарын жасауға мүмкіндік алып отыр. Мұның ерекшелігі басқа сенімдегі адамдардың немесе дінді ұстанбайтын адамдардың  да осындай бір онлайн шіркеуге тіркеліп, анонимді түрде  аватарлардың артына тығылып, белгілі бір жаңа тәжірибені, ритуалды көруге мүмкіндік беретін құбылыс ретінде қарастырады.

Келесі қозғалыс «терасем» деген онлайн пайда болған қозғалыс, виртуалды шіркеу. Оның ерекшелігі Құдай технологиялық тұрғыда деп есептейді, яғни, біздің интернет жүйесін, жаңа технологияны ғажайып нәрсе деп есептейді.

Олар адамның жаны, санасы ақпараттар жиынтығы деген түсініктегі ағымдар.

Еріктілерді тарту және онлайн миссионерлік қызмет. Бүгінгі таңда сандық евангелизм деген ұғым қалыптасты, виртуалды миссионер,әлеуметтік желі миссионерлері, интернет-кеңістікті миссионерлік алаң ретінде қарастыратын ағымдар пайда болды. Бүгінгі таңда миссионерлік қызмет жүргізудің оңтайлы бір тетігі - іздеу жүйесін оңтайландыру. Яғни, өздеріне керек ақпаратты  іздегенде белгілі бір түйін сөзді жазу арқылы жылдам табады. Сандықтан евангелизм интернетті пайдалану арқылы діннің ақиқатын таратуымыз керек деген түсінікте. 

Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде діни онлайн қауымдастықтар да белсенді жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, Америкада Энаблидмуслим деген онлайн қауымдастық бар. Бұл қауымдастық мүгедектерге, мұң-мұқтажы бар, денсаулығы нашар мұсылмандарға қаржылай, медициналық жағынан, заңдық тұрғыда көмек береді, сонымен қатар белгілі бір уақытта дін туралы сабақтар беріп тұрады. Бұл - қауымдастықтың мүшелері өздерін жалғыз сезінбейді, өзі сияқтыларды табады деген концепция арқылы жасалған онлайн қауымдастық. Пандемия кезінде осындай қауымдастықтар көптеп қалыптаса бастады. Онда әртүрлі тақырыптағы блоктар болады, ол жерде адамдар өздерінің ортақ қызығушылықтарына байланысты араласа алады. 

Біздің бұл айтылғаннан ұғатынымыз, асыл дінді өз мүдделеріне қарай түрлендірген жат ағымдар немесе шындығын айтқанда қаржысы бар алып күштер интернеттің мүмкіндігін заман талабына сай өте жақсы пайдаланып жатыр деген сөз. Мәселен, жоғарыда айтылған қауымдастық бір қарағанда оң іс жатқан сияқты болып көрінгенмен, екінші жағынан өз ойларындағы діттегенін жүзеге асырып жатуы әбден мүмкін. Былайша айтқанда интернетте көз алдау арқылы жұмыс жүргізеді. 

Бастапқы істеген істері жағымды, жанашырлық сияқты көрінеді. Жаратушыға жақындағысы келген жүрегі жұмсақ адамдар қайрымдылық жасап жатқандардың әрекетін құп көреді. Оларға сүйсінеді. Алғыс айтып, жақсы пікір білдіріп, тілдесе бастайды. Міне осындай құйтырқы әрекетпен жат ағымдар өз миссиясын жүзеге асыра береді. Ақкөңіл адам өзінің қалай тұзаққа түскенін байқамай қалады. Мұндайды  қазақ тілі тәтті, ділі қатты деп те дәл айтқан. Тәтті тілмен алдап, сиқыр сөзбен арбаудың  түрлі жолы бар екенін айтқымыз келеді. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!

Еділ АНЫҚБАЙ