Жамбыл облысында биыл 200 орындық онкологиялық диспансер іске қосылады

Бүгінгі таңда 2021-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 63 ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу жоспарланып отыр.

Жамбыл облысында биыл 200 орындық онкологиялық диспансер іске қосылады
Дереккөз: liter.kz

Жамбыл облысында биылғы жылы құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 200 төсек-орындық онкологиялық диспансердің құрылысын аяқталып, емдеу мекемесі іске қосылмақ. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қалиев Әсет Әскерұлы мәлімдеді деп жазады Paryz.kz тілшісі.

Айта кетерлігі, өңірде бұдан бөлек, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмыстары да жыл сайын қолға алынуда. Бұл жөнінде өңірдің денсаулық сақтау басқармасы басшысы былай дейді: «Аймақта денсаулық сақтау объектілері ғимаратының тозуы 56,3%-ды құрайды. Денсаулық сақтау саласын дамыту Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі таңда 2021-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 63 ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл ретте 2021 жылы –  20 нысан, 2022 жылы – 10 нысан, 2023 жылы – 11 нысан, 2024 жылы – 11 нысан, 2025 жылы – 11 нысан бой көтермекЖалпы облыста 387 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Соның ішінде аурухана - 25, амбулаториялық - емхана –147, басқалар – 27 (қалалық емхана - 6, орталық аудандық емхана -10, ауылдық емхана - 5, дәрігерлік амулатория – 122, ФАП - 53, МП – 152, санаториялар - 5, әр түрлі-7). Сол сияқты Жамбыл облысындағы ТМККК және МӘМС бағытындағы жұмыстарға келер болсақ, биылғы жылдың 1 сәуірінде  жоспарланған қаражат 23 900,9 млн.теңге болып, 2021 жылдың І тоқсанына медициналық қызметтерді сатып алу жоспарын орындау 24 294,3 млн.теңгені құрады»,-деді ол.

Сондай-ақ Әсет Әскерұлы биылғы жылы облыстың денсаулық сақтау саласына қатысты жоспарларына да тоқталып өтті.  

«Биыл құны 13,9 млрд теңге құрайтын 200 төсек-орындық онкологиялық диспансерінің құрылысын аяқтап, жұмысқа қоспақпыз. Сондай-ақ Республикалық бюджет есебінен жеке қаржы бастамасы бойынша облыстық көпбейінді аурухана құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сол сияқты Байзақ ауданында 250 науқасқа арналған емхана құрылысын және Қордай ауданында 270 төсек-орынды аудандық орталық аурухана (емханасымен бірге) құрылысын жүргізу, жалпы сомасы 2,4 млрд.теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдықтар (1 неонаталдық реанимобиль, 2 магнитті-резонансты томограф және т.б.қосалқы құрылғылар) сатып алу,  жалпы құны 3,6 млрд.теңгеге 20 нысан құрылысын салу жоспарлануда. Бұған қоса облыста 11 896 медициналық қызметкердің жалақысын 25-30%-ға ұлғайту жұмыстары қолға алынбақ»,-деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер жайлы хабарлаған еді.