Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Тeṅ qoḡam» – баршаға бірдей әлеуметтік қолдау

Оралда жұмысын бастаған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тeṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 150-ге тарта аталған санаттағы азаматқа көмек көрсеткен.​ Бұл орталық Президент Жолдауында атап өткен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары шеңберінде  ашылған еді.

«Тeṅ qoḡam» – баршаға бірдей әлеуметтік қолдау

Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Абзал Молдағалиевтың айтуынша, бүгінде Орал қаласында тоғыз мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Аталған санаттағы тұлғаларға осы әлеуметтік қолдау орталығын ашу арқылы «Бір терезе» қағидасы негізінде әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды үйрету сынды қызметтерді жүзеге асыру көзделген. Орталықтың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды анықтап, оларға әлеуметтік ортада қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасауға жәрдемдесу, қоғамға етене араластыру. Өз қабілеттерін іске асыруға мейлінше тең мүмкіндіктер туғызу. ​

Орталықта төрт консультант жұмыс жасайды, сонымен бірге ғимаратта мәжіліс залы, үстел теннисі, шахмат, дойбы ойын алаңдары орналасқан. Әлеуметтік портал арқылы мемлекеттік қызметтер алуына, өздеріне қажетті құжаттарды рәсімдеуге мүмкіндік жасалған, ол үшін өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жасақталған.  
Орталық мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда 300-ге тарта мүмкіндігі шектеулі азамат пен азаматша анықталып, ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 150-ге тарта мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Мысалы, отыз адам –әлеуметтік сұрақтар бойынша, 25 тұлға – психологиялық көмек бойынша, жиырма мүмкіндігі шектеулі жан – жұмысқа орналасу  мәселесі бойынша, 52 азамат – электронды цифрлық қолтаңба алу бойынша кеңестерге жүгінген. 21 мүмкіндігі шектеулі жерлесімізге портал арқылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес әлеуметтік құралдарға тапсырыс беруге бағыт-бағдар берілген. Бұлардан бөлек күніне орташа есеппен 15-20 шақты адам тұрақты түрде келіп, бос уақыттарын тиімді өткізеді.

Айта кетейік, осы жылдың маусым айында тұсауы кесілген «Тeṅ qoḡam» орталығы бұрынғы «Ару-Ана» тойханасы ғимаратында орналасқан. Нысанның қызмет бағытын өзгерткен тойхана иесі ғимаратты әлеуметтік нысан ретінде қайта жасақтаған. Жалпы алаңы 300 шаршы метрді құрайтын ғимаратта әр түрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бөлмелерге арбамен жүріп-тұру мүмкіндігі толықтай қарастырылған. Қала орталығында орналасқан орталық қоғамдық көлікпен қатынайтындар үшін де қолайлы, яғни аялдамаға жақын орналасқан. Сонымен бірге мүгедектерге қызмет көрсету бөлмелері бірінші қабатта орналасқан.

 

Томирис СҰЛТАН