Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Мемлекет өз азаматтарының рухани құндылықтары мен қажеттілігін қамтамасыз етуге мүдделі болу керек

Адамзат тарихын алғашқы қауымдық құрылыстан бастау алады деп қарайтын болсақ, уақыт өтіп, заман алға жылжыған сайын  адам баласы дамып, кемелдене түсуі керек еді. Адамзаттың даму сатысымен есептегенде осылай болуға тиіс-тін.

Мемлекет өз азаматтарының рухани құндылықтары мен қажеттілігін қамтамасыз етуге мүдделі болу керек
Фото: Massaget.kz

Өкінішке қарай, ғылым мен техника дамып, ақпараттық технология жетілген сайын, адам баласы, керісінше, рухани құлдырауға ұшырады. Ұлттық құндылықтардан қашықтап, салт-дәстүрден алыстап, қалыптасқан қағидалардан адасып бара жатқанымыз жасырын емес. Әсіресе, діннің өңі өзгеріп, мазмұны ала-құла тартқаны жөнінде мысал көп. Бұл және өзінен-өзі бола қалған жоқ. Қаржысы бар үлкен күштердің ықпалымен болып жатыр. Исламның атын жамылған жат ағымдардың арбап-алдауымен қарапайым халық ішінде зардап шеккендер тиылмай тұр. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасын бұл жағдай қатты алаңдатады. Әрине, алаңдап қана отыра беруге болмайтыны белгілі. Осы уақытқа дейін қыруар шаруа атқарылды, алдағы уақытқа көптеген іс-шаралардың жоспары күн тәртібіне қойылған. Қалай болғанда да қарапайым халықты қара ниетті теріс діни топтардан аралашап қалуды діттеген Дін істері жөніндегі басқарма үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Кезекті талқыланған тақырып пен жүргізілген дәріс дәл осы дәстүрлі ислам ерекшеліктері мен оның қоғамдағы көріністері бағытында болды.    

« – Мысалы үшін -  дейді  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғылымының кандидаты, доцент Кеңшілік Тышқан мырза,  – ислам діні көптеген мұсылман мемлекеттер үшін дәстүрлі болып саналады. Дәстүрлі емес ислам деген түсінік жоқ, өйткені ислам бір ғана дін, ал дәстүрлі емес ағымдар бар, дәстүрлі емес ұйымдар бар, дәстүрлі емес әртүрлі топтар бар. Мүмкін солардан ажырату үшін дәстүрлі ислам деген ұғымды қолданып жүрген шығар. Қазіргі радикалды формада әртүрлі көзқарастарға қарсы діни иммунитет қалыптастыру үшін осы тақырыптарды көбірек талқылап, толық түсініп алғанымыз абзал.

Тамырымыздан ажырап қалмас үшін, қазақ ағартушыларының ислам туралы көзқарастарын көбірек дәріптесек, экстремизм мен радикализмның алдын алар едік. Бұл мемлекет пен діннің бөлек болу консепциясына қарама-қайшы болмайды. Себебі, мемлекет өзінің азаматтарының рухани құндылықтары мен қажеттілігін қамтамасыз етуге мүдделі болу керек. Сондықтан бұдан аса қорқудың қажеті жоқ. Яғни, «біз онда дінді уағыздап кеткен жоқпыз ба?» деген мәселелер туындамау керек. Егер адам қиянатшыл болса, біреудің ала жібін аттайтын болса, біреуге өтірік айтатын болса, онда имандылық деген жоқ. Діндарлық тек мешітке бару емес, ол сақалды ұзарту емес, қара жамылу емес. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздерінде де бар: «Алла Тағала сенің түріңе, киіміңе қарамайды, ол сенің жүрегіңе қарайды» деген.

Сонымен қатар Абай өзінің бесінші қара сөзінде «Адам баласы дүниеде көрінген, көрінбеген көптеген нәрселердің астарын түсінбейінше, адам жаны болмайды, хайуан жаны болады» деген. Яғни діннің мәніне үнілсе, діннің мақсаты адамзаттың барлығын игілікке шақыру екенін түсінер еді. Ал қазір дінді адамдарды бөлу құралы ретінде пайдаланады. Біреуді өлтіруге бағытталады. Мынау адасқандар, мынау кәпірлер дегенге бағытталады. Шын мәнінде діннің миссиясы бүкіл адамдарды бір бауыр қылып, жер бетінде бақытты, ізгілікті қоғам құру болып табылады. Осы дүниеде  жүріп, мұсылмандар жұмақ үшін таласып, мен жұмаққа барамын, сен тозаққа барасың деген дүниеге шейін түсіп кеттік.

Кез келген халықтың, кез-келген қоғамның дәстүрі,сол дінінің өзінің тарихта қабылдаған діни сенімдердің негізінде қалыптасады. Сонда біз ислам елдерінің мәдениетін, ислам деп қабылдаймыз. Бірақ бұл қателік. Мысалы арабтың киімін алып келіп, исламның киімі дейтін болсақ, ол қателік. Өйткені араб қоғамының өзінің киім үлгісі бар, климаттық ерекшеліктері бар, өмір сүру формасы бар, мәдениеті бар. Ал ол мәдениет сол қоғамның өмір сүру шарттарына сай қалыптасқан. Оны біз дін деп қабылдай алмаймыз. Ал екінші жағы белгілі бір қоғамның қалыптасқан дәстүрі, сол қабылданған діннің негізінде дамиды немесе сақталады. Олай  болса, қазақ дәстүрінде қалыптасқан дүниелердің көбісі ислам діні келгеннен кейін пайда болды.

Біз зайырлы демократиялық құқықтық мемлекетпіз. Зайырлы деген сөз-барлық діндерге теңдей мүмкіндік береді. Бұл дін үшін де, қоғам үшін де өте тиімді түсінік деп айтуға болады. Қазір әлемде көптеген мемлекеттер зайырлылық принциптерін ұстанады. Тіпті шариғатты негізге алатын мемлекеттердің өзінде зайырлы құқықтық нормалар қатар жүреді. Қазақстан дінге қарсы мемлекет емес. Кейбіреулер осы зайырлы дегенді дінсіздік, атеизм деп ойлайды. Бірақ бұл үлкен қателік. Ал кейбіреулер зайырлы дегенді барлық діндерге рұқсат беру,олай болса тек қана дәстүрлі исламды қабылдап, соны мемлекеттік деңгейге көтеру деп ойлайды. Бұл да қателік, себебі Қазақстанда қаншама этнос өкілдері бар. Тағдырдың тауқыметімен әртүрлі халықтар кезінде келіп, қоныс іздеп келген. Ал олардың өздерінің дәстүрлі көзқарастары бар, діндері бар. Олар да өз діндерін ұстанғысы келеді, олар да ғибадататхана салғысы келеді. Сондықтан мемлекет барлық діндерге теңдей мүмкіндіктер берді».

Жоғарыдағы ғалымның айтқан сөзіне терең үңілген адам көп жайттан хабардар болары сөзсіз. Әсіресе, біздің кейбір жерлестеріміз араб пен исламды шатастырады. Арабтың дәстүрін, олардың киім үлгісін ислам деп ойлайды. Жат ағымдар да осындай ұлттық құндылықтардың әлсіреуіне сай осал тұстан тиеді. Олардың мақса-мүддесі де сол қалыптасқан дүниені бұзу, құрту жою. Деструктивті деп аталуының мағынасы да сол. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!

                              Еділ АНЫҚБАЙ