Оралдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында «Любовь на миллион» кино туындысының көрсетілімі өтті. Ашық аспан астындағы аутокинотеатр іс-шарасын осымен екінші мәрте ұйымдастырылды.
Айта кету керек, бұл шарада кино арнайы аутотұрақта көрсетіледі. Өйткені карантин талаптарын толық сақтауға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы демалыс – киносүйер қауымға таптырмас мүмкіндік.
- Аутокинотеатр – аутокөліктегі көрермендерге фильм көрсетуге арналған. Бұл кинотеатрдың ерекшелігі, көрермен үлкен экранмен жабдықталған алаңда көлігінен шықпай-ақ, басқа адамдармен байланыссыз фильм қарау мүмкіндігіне ие болады. Дыбыс белгілі радиожиілігі арқылы беріледі. Сондай-ақ бұл кинотеатр карантин талаптарын толық сақтауға мүмкіндік береді. Өткен жылы үш жүзден астам адам кино қарауға келсе, биыл да сол үдеден шықты, - деп атап өтті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық қызметкері Назерке Құрамысова.
Алдағы уақытта ашық аспан астында, таза ауада ұйымдастырылатын өзге де іс-шаралар қолға алынатын болады.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы