Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

Оралда 8 спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді

Тұрғындар игілігіне ұсынылған алаңдардың ашылуына қала басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. 

Оралда 8 спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді

Кешенді алаңдар қалалық бюджет қазына есебінен салынды. Құрылыс жұмыстарын «Жайық Сити» ЖШС жүргізген. Мәселен, Құрманғазы, 102 мекенжайында ашылған спорттық және ойын алаңының жалпы аумағы 1877 шаршы метр. Бұл алаңның  салуына 48,720 млн. теңге жұмсалды. 419 шаршы метр аумаққа жол төселген. Жасанды көгалмен жабылған шағын футбол алаңы 1008 шаршы метр. Көпфункционалды алаңда баскетбол мен волейбол ойнап, доп тебуге болады. Жаттығу құрылғылары мен ойын құрылымдары орнатылған. Дәл осындай спорттық және ойын алаңдары Алмазов, 69 мекенжайында және Деркөл кентіндегі  Ы.Алтынсарин, 16-үй ауласында пайдалануға берілді.  Әр алаң жарықтандырылып, бейнекамералар орнатылған. Орындықтар мен қоқыс салғыштар да жаңартылған.

Алаңдардың ашылуына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерлан Галиев мұндай аймақтардың қала тұрғындарының демалысы үшін және бұқараның салауатты өмір салтын ұстану үшін маңызы зор екенін атап өтті

 – Осы алаңдарда жас жеткіншіктер спортпен шұғылданып, болашақта ел мерейін үстем етер спортшылар болсын. Жаңа нысандар жалпы бұқараның тынығатын жайлы орындарына айналсын, — деген тілегін білдірді қала әкімінің орынбасары.

Нысандардың ресми ашылуынан соң  алаңдарда баскетболдан және футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Биыл қалада заманауи үлгідегі 20 спорттық және ойын алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 14-і  пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған алаңдар салынады.

Томирис СҰЛТАН