Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда Чернобыль АЭС апатын жоюға атсалысқандар марапатталды

Биыл – Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатқа 35 жыл. Осыған орай Орал қалалық әкімдігінде арнайы салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Оралда Чернобыль АЭС апатын жоюға атсалысқандар марапатталды

Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев: – Осыдан 35 жыл бұрын төтенше жағдай орын алған ошақта ең қатерлі жұмыстарды атқарған 350 мыңдай адамның ішінде сіздер де болдыңыздар. Сіздер де өз өмірлеріңізді қауіпке тіге отырып, болашақ ұрпақ үшін игі іс атқардыңыздар. Мұның өзі – үлкен ерлік, зор еңбек. Алдағы уақытта мұндай апаттар болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді.

Салтанатты іс-шарада техногенді апаттың салдарын жоюға атсалысқан бір топ азамат арнайы медальдармен марапатталды.

«Батыс Қазақстан облыстық Чернобыль мүгедектері және ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Таймановтың айтуынша, биылғы пандемияға байланысты бұл атаулы датаға орай кең көлемде іс-шара өткізу мүмкін болмаған. Осы апатты жоюға қатысқан батысқазақстандық азаматтардың алды бүгінде 70-ке келсе, жастарының өзі 45-ке толған. Оларға республикалық және жергілікті бюджеттен жәрдемақы төленеді. Чернобыль мүгедектері мен ардагерлеріне медициналық көмектер жақсы ұйымдастырылған. Емханаларда арнайы қабылдау кабинеттері жасақталып, шипажайларға жолдамалар беріліп тұрады.

Айта кетейік, 1986 жылдың сәуір айында болған Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға 32 мың қазақстандық тартылса, соның ішінде Батыс Қазақстаннан 1000-нан аса адам болған. Қазіргі уақытта арамызда 300-ден астам ЧЭС оқиғасына қатысқан батысқазақстандық бар, олардың 170-тейі облыс орталығында тұрады.

   Томирис СҰЛТАН