Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақ тілі деп «шырылдап жүрген» Жанболат Мамай апелляциялық сотқа шағымды орыс тілінде түсірді – заңгер

Бүгін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен белсенді Жанболат Мамайдың арасындағы дау апелляциялық сотта жалғасты. Байбектің заңгері Айжан Тәшенова апелляциялық екі шағымның да заң тұрғысынан сауатсыз жазылғанын мәлімдеді.

Қазақ тілі деп «шырылдап жүрген» Жанболат Мамай апелляциялық сотқа шағымды орыс тілінде түсірді – заңгер
Фото: Zona.kz

Оның айтуынша, Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың сөзі мен ісі қабыспайды. Алғашқы сот процесінде тек қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілде ғана жауап беретінін айтқан ерлі-зайыптылар апелляциялық шағымды орыс тілінде жазыпты.

«Мамай өзін ұлтшыл-патриот, қазақ тілінің жанашыры және қорғаушысы ретінде көрсетеді. Сот процесін тек мемлекеттік тілде жүргізуді талап етті. Алайда, сотта барлық құжат, соның ішінде қарсылық пікір пен 2 апелляциялық шағымды орыс тілінде ұсынды. Логика қайда? Бұған қоса, Мамай мен Иманбаева өздерін демократияның, құқық пен заңдылықтың чемпионы деп жариялайды, бірақ сот шешімі шыққанға дейін олар Қазақстан азаматтары бола тұра, заңда көрсетілген талаптарды орындамайтынын мәлімдейді», - деді заңгер Айжан Ташенова.

Ол сондай-ақ, Мамай мен оның жақтастарының журналистерді қорлап, тіпті жұдырық ала жүгіргенін де еске салды.

Айта кетейік, биыл маусымда қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайды Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «ар-намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа берген болатын. Оған дейін ерлі-зайыптылар Байбекті жемқор деп айыптап, бірнеше видеоролик жариялаған. Бірінші инстанциядағы азаматтық сотта қаралған істе Мамай мен оның әйелі жеңіліп, аталған видеоларды интернеттен өшіруге міндеттелген еді. Алайда, соттың бұл шешімімен келіспеген олар апелляциялық сотқа шағым түсірді.