Спорт күні мерекесі қарсаңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев «Emir top team» спорт клубының жас спортшыларын спорт күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ Muay Thai жекпе-жегі бойынша ел чемпионатында жоғары жетістіктерді бағындырып үлгерген спортшыларға арнаулы диплом мен сыйлықтар тарту етті.
«Emir top team» спорт клубы осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Спорт клубының негізін салушы және аға бапкер Тимур Ешовтың айтуынша, мұнда қазіргі уақытта 5 пен 18 жас аралығындағы 80 бала жаттығады.
Клуб шәкірттерімен кездесуде шаһар басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев спорттың адамды тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтті.
– Спрот ең біріншіден тәртіпке, екіншіден, мақсатқа қол жеткізуге үйретеді. Әрқайсыңыздың алдыңызға қойған мақсаттарыңыз бар. Соның ішінде спортшылардың ең басты мақсаты – әлемдік додаларда жеңіске жетіп, еліміздің көк байрағын биікке көтеру. Осы жетістікті бағындыруды, дәл сол сәттегі қуанышты сезінуді әрқайсыңызға тілеймін, – деді Ерлан Ерсайынұлы.
Қала басшысының орынбасары ұл-қыздарын ерте жастан спортқа берген ата-аналарға, балалардың үйренуі үшін жаттығу залын жабдықтап, жеткіншектерді жекпе-жек өнеріне машықтандырып жүрген Тимур Ешовқа алғысын білдірді. Сондай-ақ жуырда ғана Muay Thai боксы бойынша Қазақстан чемпионатында жеңімпаз-жүлдегер атанған клубтың спортшыларын марапаттады.
Атап айтқанда, 11 жасар Аяулым Иманбай Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Алтын жүлдені иеленген. Осылайша жыл соңында өтетін әлем чемпионатына іріктеуден өткен. Жас спортшы қазір жаттығуларын ширатуда. Шақырту келсе, Тай еліне аттанбақ. 15 жастағы Әмір Ислам да Петропавлда өткен біріншілікте Алтын медальға қол жеткізіп, ел чемпионы атанса, 17 жастағы Әлихан Берік сол чемпионатта күміс медальға ие болған. Жаттықтырушылары Әмір мен Әлиханның ММА аралас жекпе-жегімен де айналысатынын атап өтті. Жетістіктері де бар.
Тимур Ешов болашақта клубты кеңейтпек ниетте. Қызығушылық танытқан балалардың осы спорт түрімен жаттығуы, салауатты өмір салын ұстануға дағдылануы үшін қаланың әр ауданында клуб ашуды мақсат етіп отыр.
Томирис СҰЛТАН