Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар ит-мысық дәрісімен емделіп жатыр

Қазір жағдайдың нашарлағаны сонша, Ақтөбедегі тек бір ауруханаға күніне жүзден аса коронавирусқа шалдыққан науқас келіп түседі екен.

Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар ит-мысық дәрісімен емделіп жатыр
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде коронавируске шалдыққан науқастар ит-мысыққа қолданылатын препараттармен өз-өздерін емдеуге кіріскен. Жануарлардың тері ауруына қарсы егілетін "Ивермек" дәрісін ковидтен құлантаза айықтыратынына сенгендер жаппай сатып алып жатыр екен деп хабарлайды Paryz.kz, 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Алайда дәрігерлер бұл тек соқыр сенім екенін айтады. Мамандардың сөздерінше, жануарларға арналған препараттар адам денсаулығына керісінше үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Ауруханаға осындай дәрі қолданғаннан кейін жағдайы нашарлап келгендер де бар екен. 

"Ивермектің бір дозасы адамдарды ковидттен айықтырып жатыр" деген ақтөбеліктер арасындағы қауесетті мал дәрігерлері де естіпті. Тіпті соңғы кезде ветеринарлық дәріханаларға осы препаратты іздеп келетіндердің де көбейіп кеткенін айтады. Мамандар бұл төрт түлік мал мен ит-мысықтың тері ауруларын, яғни қотырды емдеуге қолданылатын препарат дейді. 

Дәріханалардан естіп жатырмыз, сұрап жатқанын. "Жан сақтау бөлімінде жатқандарға бір-ақ рет істесе жазылып кетеді екен" деген әңгімелер болды. Осы жүріп жатқан індетке қарсы. Бұны біз дозамен жасаймыз. Малдың өзіне дозасын көп жасаған жағдайда кері әсерін береді, – деді ветеринар Нәзипа Алдабергенова.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар қазір коронавирусқа шалдыққан ақтөбеліктердің 80-90 пайызы дәрігерлердің нұсқауынсыз, үйлерінде өз беттерінше емделіп жатқанын айтады. Ең сорақысы, олар енді ит-мысыққа қолданылатын препараттарды пайдалануды бастады дейді. Тіпті осындай дәрі-дәрмектен кейін жағдайы нашарлап, ауруханаға түсетіндер де көбейіпті. 

Егер иттен адам жасайтын болса, онда қанша адам керегін жасап алар еді. Яғни малға дайындалған нәрсе адамға болмайды. Ол жан-жануардың, иттің сезімталдығы адамнан 48 есе көп болатын болса, мұрынның сезімталдығы адамнан 48 есе жоғары. Малдың қанша иммунитеті бар? Ал ол малды емдеу үшін қандай күшті дәрі керек? Ал адамға қанша керек? Адам бір тамшы нәрседен де уланып өледі. Сол себептен адамның істегенін істеуіміз керек қой, – деді Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Дәрігерлер коронавирус пневмониясының емдеу тәсілі, бекітілген протоколы бар екенін айтады. Сондықтан науқастарға қаңқу сөзге сеніп, өз бетінше ем қолдануға болмайтынын қатаң ескертеді. Қазір жағдайдың нашарлағаны сонша, Ақтөбедегі тек бір ауруханаға күніне жүзден аса коронавирусқа шалдыққан науқас келіп түседі екен.