Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Зайырлы білім – болашақ ұрпақ пен болашақ ұлт үшін ең үлкен нұсқаулық

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жүргізуге тиіс жұмыстары мен іс-шаралары бір-бірімен тығыз байланысты. Әр кездегі атқарылған іс,  талқыланған тақырып, жүргізілген жұмыс, оқылған дәріс бірін-бірі толықтырып тұрады. Қандай болмасын ұйымдастырылған іс-шараның түйісетін мақсаты ортақ, мүддесі бір. Ол – халықты қауіптен сақтандыру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни сауатты көтеру, жалпы білімді артыру.

Зайырлы білім –  болашақ ұрпақ  пен болашақ ұлт үшін ең үлкен нұсқаулық

Басқарманың ұйымдастыруымен «Din_Almaty» инстаграм парақшасында тікелей эфирде болған дәрістің тақырыбы  «Дін және зайырлы білім» деп алынды. Бұл тақырып бірінші рет немесе соңғы рет түсіндіріліп отырған жоқ. Бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола береді. Қазақ мемлекетінің басты принципі – зайырлылық. Қазақстан –  көп конфессиялы және тәуелсіздік алғанына небәрі отыз жыл ғана болған жас мемлекет. Біздің үйренеріміз бен тәжірибеден өткізуге тиіс жайттарымыз өте көп.  Ұлттың тұрақты дамуының, мемлекеттіліктің нығаюының, қазақстандықтардың болашаққа деген сенімділігінің қалыпты да діттегеніміздей болуы үшін  этносаралық және конфессияаралық қатынастарды оңайлату керек. Оңайлату үшін адам біліп қана қоймай, түсінуі де қажет болып тұр. Мысалы үшін білетін жолмен жүрсеңіз адаспайсыз. Таныс емес сүрлеу адастыруы мүмкін. Демек, мемлекеттің бағыты таныс жол деп ұққаныңыз абзал. Мемлекеттік бағдарлама, ресми ақпарат адастырмайды. Алып-қашпа әңгімеден алыстайтын уақыт жетті.

Қазақстан жерінде әртүрлі этностар тұрып жатыр. Бізде  ар-ождан бостандығы мен осыған байланысты кездесетін проблемалар ерекше назар аударады. Қазақстан үшін көпконфессиялық әрқашан өзекті және діни фактор түйткілді түйіндерге тіреліп қалып жататыны жасырын емес. Осыларды болдырмай, түсіністікпен ғұмыр кешетін зайырлы қоғамды нық орнату үшін не қылмақ керек? Әрине, маман сөзіне, зерттеушінің мәліметіне, ғалымның айтқанына зер салып, зейін қою керек. Ендігі сөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУдің оқытушысы Айнұр Несібекқызы Кәрібаева берейік: «Зайырлылық –  болашақ ұрпақ пен болашақ ұлт үшін ең үлкен нұсқаулық десек болады. Азаматтардың ар-ождан бостандығы, құқығы, оның ішінде құпиялылыққа сендіруге, кез-келген дінді ашық ұстану немесе ешқандай дінді ұстанбау құқығы зайырлылықты түсінудің және бағалаудың негізгі кілті болуы керек.

Өзін-өзі анықтау еркіндігі, ой мен дүниетанымдық бостандығы барлық адам үшін бірдей. Біздің тақырыбымыз «Дін және зайырлы білім» болғандықтан, дін мен білім алатын мемлекеттік  мектептің зайырлы принциптерге байланысты екеуі екі бөлек екенін ұққан жөн.   Қазақстандағы діни саясат зайырлы сипаттағы және оның толеранттылық қағидаттарына негізделеді, яғни, барлық діндерге тең құқылы қарым-қатынас жасалады және мемлекеттің дінмен салауатты да сындарлы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысы бар. Қазақстандағы діни білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты кең ауқымды мәселелерді шешуге мүмкіндік берген ең маңызды қадам «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы болды.

Зайырлылық заңға сүйену деген сөз. Көпконфессияны біріктіретін ортақ заң. Аталған заңда мемлекеттің діннен бөлек екендігі нақты жазылған. Қазақстан Республикасының азаматтары діни көзқарасына қарамастан Қазақстан Республикасы Заңының алдында тең. Ешбір дін Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеудің мемлекеттік немесе міндетті жүйесі ретінде белгіленбейді. Әркім діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға, әрине, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы және ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында көзделген міндеттерді атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.  

Ата-аналар балаларын өз нанымдарына сәйкес тәрбиелей алады, бірақ балаларды дінге тарту бойынша мәжбүрлеу шараларына жол берілмейді. Баланы діни тәрбиелеу оның дене және психикалық денсаулығына және адамгершілік дамуына зиян келтірмеуі керек және бәрі біздің республикамызда білім беру құралдарының дамуына серпін береді және жоғарыда аталған заңдарға сүйене отырып, сонымен бірге мемлекеттік білім беру жүйесі орта мектептің тоғызыншы сыныптарында осындай пәнді оқытудың оқу бағдарламасында дінтану негізінің құралы ретінде қамтитынын атап өткен жөн.

Бұл ретте әрбір оқушы мен студентті діни толеранттылық, басқа конфессия өкілдеріне құрметпен қарау рухында тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді және осындай мақсатты қызмет тұтас жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Арнайы маманның айтқаны бір қарағанда қарапайым да түсінікті тілмен жеткізіліп тұр. Бірақ осыны әлі күнге дейін түсінбей, түйткілді мәселелердің туындайтыны несі? Меніңше, мемлекетке, зайырлылыққа, толеранттылыққа қарсы деструктивті теріс діни топтардың жұмыс жүргізуінің  кесірінен. Жат ағымдар қисынға келтіріп, заңға, құқыққа қайшы түрлі өтірікпен кейбір адамдарды алдайды, арбайды, сөйтіп, елді  адастырады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана қазақ. Осы мәтелді сәл ауыстырып, алдауға түсіп азап көргенше, аңдап басып абыроймен өмір сүр дегіміз келеді. Жат ағымдардың жалғанына сеніп жаза басып қалмағайсыздар! Сақ болайық! Сақтанайық!

                                                  

Еділ АНЫҚБАЙ