Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Толеранттылық ұғым қалыптаспайынша, жақсы қоғам орнату мүмкін емес

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері, диаспоралар мен этностар тұратыны белгілі. Әр ұлыстың өзіне тән мәдениеті, сан қилы салт-дәстүрі, әрқандай әдет-ғұрпы, түрлі наным-сенімі бар тұтас  халықтың бір тудың астында тату-тәтті өмір сүруі айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде көп жұмысты қажет етеді.

Толеранттылық ұғым қалыптаспайынша,  жақсы қоғам орнату мүмкін емес

Бес саусақтың бірдей болмайтынын ескерсек, халық ішінде деңгей де әртүрлі. Интеллектісі жоғары, әлеуеті мықтылар да, керісінше, мәдениеті төмен, рухани жұтаң адамдар да көпшілік ішінен кездеседі. Ел болған соң, көпшілік арасында телі мен тентектің болуы заңдылық. Ең қауіптісі елдің бірлігіне сына қаққысы келетін жат ағымдар, деструктивті теріс діни топтар. Бүгінде мемлекет болып осылармен үздіксіз күресіп келеді.

Мемлекеттің міндеті халықты саналы тәрбие, сапалы біліммен, салауатты өмірмен, денсаулығына күтім жасау үшін емхана, аурухана, басқа да әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз ету.  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы да мемлекеттің діттеген бағыты бойынша діни сауатты көтеруге, халықтың мәдениетін дамытуға байланысты түрлі іс-шараларды үздіксіз жалғастыруда.

Алматы сынды алып шаһарда тұратын түрлі этностар мен диаспораларды ортақ қоғамға біріктіруді нықтап қолға алған. Әсіресе, көп этнос пен диаспоралардың өзара түсіністікте, сыйластықта ғұмыр кешуіне қажеттілік – толеранттық. Толеранттылық пен конфессияаралық келісім қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің өркендеуінің кепілі десек қателеспейміз.  Бұл тақырып қазіргі кезде өте өзекті болып тұр. Әр оқырман толеранттылық сөзінің этимологиясынан бастап, лингвистикалық мән-мағынасына дейін толық түсініп алғаны абзал.

Сонымен толеранттылық ағылшын тілінен келген сөз. (tolerance-төзімділік, көнбестік) яғни, басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық – адам құқығы мен бостандығы,  плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық – қоғамның жалпы және саяси мәдениетінің деңгейінің көрсеткіші. Мысалғы кез-келген дін өкілі өзінікін ғана дұрыс, басқа діндердің барлығы бұрыс деп есептемей, барлық діндерге толерантты көзқараста болғаны дұрыс. Заман, қоғам алдыға жылжып, прогрессивті түрде дамып отырған кездің өзінде де, барлық адамдар бірдей толерантты көзқарасты ұстанады деп айта алмаймыз. Жалпы бүкіл қоғамдағы әрбір мүшесіне қатысты толеранттылық ұғым қалыптаспайынша, белгілі бір жақсы қоғамды орнату мүмкін емес. Әрбір адам, әрбір қоғам мүшесі өз-өзіне қатыста «Мен өзімді толерантты ұстай алып жүрмін бе?» деген секілді сұрақ қойып, әр қоғам мүшесі өз-өзінен осындай есеп алатын болса, біздің қоғам дамып, алдыға жылжып отыратын еді. Біз осы тұрғыда зерттеуші-маман сөзін де келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ  «Дінтану және мәдениетану» кафедрасының аға оқытушысы Ұлжан Асқарбайқызы Тұңғатова: «Адамдар бір-бірінің нәсіліне, ұлтына, жынысына, жас ерекшеліктеріне және діни ұстамына қатысты кемсітпейтін, оның жеке басының мүддесіне қол сұқпайтын болса және өзінің идеясын оған мәжбүрлі түрде байламса, біз оны  толерантты қарым-қатынас дейміз. Бұл орайда біздің Қазақстан Республикасы көптеген мемлекеттерге үлгі болып отыр. Себебі, Қазақстан мемлекетінде әртүрлі диаспоралар, этностар, ұлт  өкілдері мекендейді. Ал олардың әрқайсысының дәстүрі, ұстанымдарын ұштастыра отырып, олар қандай да бір жанжалға, конфликтке түспей, бір-біріне толерантты көзқарас таныту арқылы  Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттерге үлгі ретінде көрініс табады. Қазақстан республикасы зайырлы мемлекет, бұл дегеніміз дін мен мемлекет бір бірінің ісіне араласпайды. Қандай да бір саяси сұрақтарды шешуде, мемлекетке байланысты Республикалық маңызы бар сұрақтарды шешуде дін араласпайды, сондай-ақ белгілі бір дінге қатысты сұрақтар болса, онымен белгілі бір орындар айналасады.

2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды. Көп мәселелер осы заңның аясында реттеледі. Конфессияаралық келісім мен төзімділік және азаматтардың сенімдерін құрметтеудің маңыздылығын күшейтті. Діни бірлестіктердің заң алдында құқықтық теңдігін нығайтты. Діни бірлестіктермен байланыстағы мемлекеттің басымдылықтарын айқындады.

Осы заң Қазақстан Республикасын демократиялық зайырлы мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстанда конфессиялардың жұмысына ешқандай кедергілер болып жатқан жоқ, конфессиялар өздерінің жұмыстарын жүзеге асыруда. Адамның қандай діни сенімге сену оның жеке басының ісі және бұл бойынша заңнамалық құжаттарда да көрсетілген. Қазақстанда басқа дін өкілдеріне және басқа діндерге құрметпен қарайды. Осыған байланысты 2003 жылдан бастап, Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлер съездері өткізіліп келеді. Сонымен қатар, 18 қазан «Рухани келісім күні» деп аталады.

Толеранттылық пен конфессияаралық келісім – бұл қоғамдық қауіпсіздіктің бірден-бір өлшемі және де мемлекеттің өркендеуінің кепілі».

Иә, толеранттылық дегеніміз әр адамның ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Ішкі мәдениет дегеніміз – рухани байлық. Рухани бай болу үшін білім алу қажет. Білім алу дегеніміз көп оқу. Елдің тарихымен, мәдениетімен, ондағы тұратын этностармен, диспоралармен танысу. Біз бір-бірімізге  құрмет көрсетіп,  сыйластық танытқан сайын ынтымағымыз артып, бірлігіміз нығая түседі. Тәуелсіздігіміздің тұғыры беки түседі. Сондықтан теріс пиғылды жат ағымдардың іріткі салатын сөздеріне еріп кетпеуді ойлаған жөн. Сақтанайық! Сақ болайық!

                                                  

  Еділ  АНЫҚБАЙ