Орал қаласындағы Деркөл кенті Сарыарқа шағынауданы бойынша 6 көшенің жолы жыл соңына дейін асфальтталады. Ал Зашаған кенті Сарытау шағынауданындағы 7 көшенің құрылыс жұмыстары аяқтала келді.
Деркөл кентіндегі Сарыарқа шағынауданы бойынша 50 көшенің жолын салу үш жылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 3,1 млрд. теңге. Құрылыс мердігері – «Уральскводстрой» компаниясы. Компания өткен жылы өз есебінен шағынаудандағы Б.Майлин көшесінің 1 шақырымына асфальт төсеген еді, биыл аталмыш көше жолы толықтай аяқталды. Сондай-ақ Тақсай көшесінің жолы жасалып, мердігерлер Сарыжайлау көшесінің жолына кіріскен. Жалпы биыл 10,3 шақырым, яғни қоғамдық көлік жүретін 6 көшенің жолын салу көзделіп отыр. Бұған 900 млн. теңге бөлінген. Мердігер компанияның вице-президенті Тенгиз Тедеевтің айтуынша, құрылыс жұмыстарында іркіліс жоқ, материал қоры жеткілікті.
– Қиыршықтасты Ақтөбеден, асфальтты жергілікті «База менеджмент» зауытынан аламыз. Бұл зауыттың қуаттылығы жоғары. Сағатына 2000 тонна асфальт шығарады. Сондай-ақ топырақ қоспасыз дайындайды, сапасы жоғары. Жалпы 3-4 шақырым үшін материалымыз әрқашан болады. Жұмысшылар, техникамыз жеткілікті, – дейді Т.Тедеев.
Тапсырыс берушілердің және тұрғындардың өтініші бойынша алдымен қозғалысы көп және әлеуметтік нысандар орналасқан көше жолдарын салынбақ. Бұл – Абылай хан, Тақсай, Б.Майлин, Сарыжайлау, Ғ.Мүсірепов, Ә.Өмірзақова көшелерінің жолы.
Ал Зашаған кентіндегі Сарытау шағынауданында жол құрылысы 2019 жылы басталған үш жылдық жоба болатын. 7 көшенің жолы биыл аяқталып, жоспар бойынша желтоқсанға дейін тапсырылуы тиіс. Мердігер «Түркістан жол сервис» мекемесі қазіргі уақытта жол құрылысын толықтай дерлік аяқтаған. Нысан қыркүйек айының соңына дейін тапсырылмақ.
– Ұзындығы 6,5 шақырым болатын 7 көшенің жолы асфальтталды. Қазіргі уақытта 90 пайызға жұмыс орындалды. Жол сызбаларын сызу, жиектері бойынша жұмыстар қалып отыр, – дейді мердігер компания өкілі Жандәулет Нұрлыбаев.
Үш жылдық жобаға бюджеттен 1,2млрд. теңге жұмсалған. Айтқұлов, Күлтегін, Шайхиева, Сара ақын, З.Қабдолов, Бейбарыс Сұлтан, Мөңкеұлы көшелеріне жол төселді.
Орал қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Сағиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Оралда өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бастау алған 8 көшенің жолы жасалуда. Сондай-ақ ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы шаһардағы жолдың жалпы ұзындығы ұзындығы 615 шақырымды құрайды. Оның 443,7 шақырымы, яғни 72,15 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
Томирис СҰЛТАН