Осыдан үш-төрт жыл бұрын Оралда «Ақжайық –шеберлер қаласы» атты жоба қолға алынған еді. Бүгінде ол іргелі ұйымға айналды.
Оралдық қолөнер шеберлерінің туындыларын қалың бұқараға таныстыруды мақсат еткен көрмеден басталған жоба жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Қазір мұнда 200-ге жуық мүше бар. Олар бірі тігін тіксе, екіншілері жұмсақ ойыншық сынды дүниелерді жасайды. Енді біреулері ағаштан, темірден, былғары, мата сынды материалдардан кәдесый, бойтұмар, тұмарлар дайындаса, келесілері полимерлі балшықтан картина немесе кәмпиттерден гүлдесте істейді. Сондай-ақ олардың қатарында мүсін және қылқалам шеберлері мен зергерлер де бар.
-Біздің мақсатымыз – қолөнерді насихаттап, оралдық шеберлерді көпшілікке таныстыру. Биыл жәрмеңкеміз күн сайын дерлік өтуімен ерекшеленді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері оралдықтар арбат деп атап кеткен Д.Нұрпейісова атындағы көше бойынан бізге орын бөліп, күннің ыстығынан қорғану үшін шағын киіз үй де құрып берді. Енді осындай мүмкіндікті қалалық мәдениет және демалыс саябағында жасап берсе, нұр үстіне нұр болар еді,- дейді аталмыш ұйым төрайымы Зинаида Кожевникова.
Жұбан Мұрат,
Орал қаласы