Ел-халықтың, оның ішінде жастардың діни сауатын көтеру мемлекет алдындағы ірі мақсаттардың бірі болып тұр. Өйткені көпшілік арасында, жастардың ішінде Жаратушыны тануы дүмшелік деңгейден аспағандарды деструктивті жат ағымдар арбап, теріс жолға тартып әкетуде.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы осы жайтты ескере отырып, қала халқын жат ағымдардан сақтандырып, экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында түрлі шаралар, жан-жақты дәрістер, әлеуметтік желілерде арнайы мамандар мен ғалымдардың қатысуымен тікелей эфирлер өткізуде. Бұл жолы «Дін және білім» тақырыбы талқыланды.
Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында дінді өмірден бөлек қарап, тіршіліктен тыс түсінетіндер бар. Ислам дінін ұстанатындар халықтан тыс, елден оқшау жүруге тиіс сияқты қате түсінік бар. Намаз оқыған адам міндетті түрде басына сәлде орап, сақал қойып, балақты кесіп жүру керек секілді мүлде миға қонбайтын сорақы ұғым қалыптастырған жат ағымдар екенін білуге тиіспіз. Деструктивті теріс діни топтардың кесірінен халық исламға үрке қарайтын жағдайға жетті. Шын мәнінде ислам – асыл да мейірім діні. Адамды жан-жақты жамытатын ізгілік діні. Ол – ақиқат. Енді осы ақиқатты білу үшін білім керек. Білім мен дінннің арасындағы байланыс қандай? Ол туралы Нұр – Мүбәрак университетінің оқытушысы Азамат Жамашевтің Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Din_Almaty» инстаграм парақшасындағы дәрісінен үзінді келтірейік: «Бірінші білім деген сөздің мағынасына қысқаша тоқталамыз. Бір нәрсенің ақиқатын түсіну. Демек, білім, ғылым деген кезде ол адамды бір ақиқатқа, бір шындыққа жеткізеді деп түсінгеніміз жөн. Ислам діні сенім мен білімді ұштастырған. Білімнің ислам дінінде орны ерекше. Мысалы үшін Құран Кәрімде білім сөзі 750 жерде әртүрлі форматта айтылады. Бұл білімнің адам үшін өте маңызды екендігін білдіреді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (c.a.c.) хадистерінде білім сөзіне өте көп тоқталады. Хадистердің ішінде білімге қатысты өте көп насихаттар бар екенін көреміз. Классикалық ислам дініне қатысты еңбектерде білімге көп мән беріледі. Ислам тарихына қарайтын болсақ білімнің классикалық кітаптарда өте көп орын алғанын көреміз.
Білім екіге бөлінеді. Соның бірі шариғи білім. Шариғи білімнің біріншісі Құран ілімі. Пайғамбарымыз өз уақытында негізгі мәліметтер берілгеннен кейін Құран ғылым ретінде пайда болды. Құран ілімдерінің ішіне методикасы, салалары және т. б. кіреді.
Екіншісі – Хадис ілімі. Хадис ілімі деген кезде бұған барлық ілімнің
кіретінін, соны меңзегенін түсінеміз.
Үшінші, Фиқһ ілімі. Классикалық дәуірге қарайтын болсақ, ілім дегенде негізгі үш ілім қолданылған. Біреуі фиқһ ілімі, екінші хадис ілімі, үшінші Құран ілімі. Осы үш ілім алғашқы дәуірлерде көп қолданылған. Үшеуі де шығуы, методика жағынан, дамуы бір-бірімен сабақтас болып келеді.
Төртінші, Ақида (Қалам) ілімі.
Бесінші, Ихсан (ахлақ) ілімі. Ихсан ілімі негізінде ахлақ ілімімен тікелей байланысты. Мысалы алғашқы дәуірде ихсан іліміне байланысты еңбектерге қарайтын болсақ, адамның жүрегін тазартатын ілімдер деген сөз.
Алтыншы, Тіл ілімі. Аталған Құран ілімі болсын, хадис ілімі болсын, басқа да ілімдер араб тілінде жазылған, сол үшін осы еңбектерді түсіну үшін тіл іліміне мұқтажбыз.
Енді жоғарыдай айтқан білімнің екінші түріне келейік. Біріншісі шариғи білім болса, екіншісі Ақли білім. Ақли білімге не жатады?
Бірнішісі, Логика. Логика сіздің алған мәліметтеріңізді жүйелеп, дұрыстап жеткізуіңізге себепші болатын ғылым.
Екінші, Пәлсафа. Ой тастап, сол ойдың нәтижесінде кейбір ақиқаттарға жету, кейбіреуін тек қана ойлап, сұрақ ретінде қалдырып кету. Сонымен қатар, математика, геометрия және астрономия ілімдерінде ислам ғалымдарының рөлі өте зор. Мысалы, Мұххамед ибн Муса әл Хорезми. Мұсылмандардың ішінде ең бірінші болып кітап жазған кісі. Алгебраны білім ретінде зерттеп негізін қалаған. Әбу Райхан әл Бируни (453/1061) Астрономия, физика, математика, тарих деген сияқты салалардың негізін қалаған тұлғалардың бірі болып саналады. Бұл кісі әрі ислам дінін жақсы меңгерген. Мұхаммед ибн Әшраф әс Самарқанди (702/1303) Геометрия ғылымының негізін қалап кеткен кісілердің бірі. Мұсылман ғалымдары діни әрі дүниәуи барлық білімді ұштастырған, сондай-ақ қазір қолданып жатқан гуманитарлық, техникалық қаншама мамандықтар болса, соның барлығының негізін қалаған осы ислам ғалымдары».
Міне, көріп отырғаныңыздай ислам ғалымдары адамзат баласы үшін қаншама игілікті ілім-білім қалдырып кеткен. Осы жерде медицина ғылымының негізін қалаған Ибн Синаны қоса кетуіміз керек. Әңгімеміміздің әлқисасында айтқандай, дін мен тіршілік, дін мен білім, дін мен ғылым бөлінуге келмейтін, бөлінбейтін нәрсе екенін кесіп айтуымыз керек. Ислам ғұламалары медицинаның негізін қаласа, неге бүгінгі «ислам» екпелерге қарсы болуға тиіс. Демек, бұл шын ислам емес. Олар деструктивті жат ағымның сандырағы. Ақиқатында ислам діні өте ауқымды, аса терең ғылым. Терең ғылымға таяз ұғыммен баруға болмайды. Деструктивті жат ағымдардың айтатыны осы таяз ұғым. Сондықтан таяз бен тереңді ажырата білейік! Сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ