Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Din-Almaty» инстаграм парақшасында «Дәстүрлі қазақ мәдениетінің ерекшеліктері» тақырыбы тікелей эфирде талқыланды.
Бодандық пен отарланудың тәлкегін көрген қазақ халқының мәдениеті, тарихы, әдебиеті, өнері бұрмаланып, сыртқы ықпал халықтың негізгі танымынан ажыратты. Қарапайым халық көп жайттан шатасты. Мұның бәрі қолмен жасалды. Әсіресе, жат ағым, деструктивті топтар мен секталар әрі-сәрі күй кешкен қазақ халқының осындай осал тұсын өз мүдделеріне пайдаланып, көпшілікті одан әрі жаңылдырып бағуда. Бүгінде осы олқылықтардың орнын толтырып, халықты дұрыс бағытқа салу үшін мемлекет бар күшін салуда. Алматы қаласы Дін істері басқармасының әлеуемттік желілердегі ұйымдастырған тікелей эфирлері, қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары, теолог, психолг, дінтанушы ғалымдармен болатын дәрістерінің негізінде осы мақсат жатыр.
Талай жыл тоталитарлы жүйе өз дегенін іске асырып, халықты атеизмге жетеледі. Жетпіс жыл қызыл империяның жетегінде жүрген халық шынайы исламды танудан қалды. Қазақ ұлтының әдет-салтын, ғұрып-танымын атеистік мақсатта жоққа шығарып еді, енді жат ағымдар саналы салт-дәстүрді исламға жат етіп көрсетті. Соның нәтижесінде ширк, бидғат, Аллаға серік қосу сынды сөздер түсінікке еніп, ақ пен қара ажыратқысыз күйге жетті. Мұның барлығы қазақтың мәдениетін дұрыс танымағаннан, тарихын білмегеннен шығып отыр. Соның нәтижесінде қайшылық пен қарсылық туындауда. Сондықтан ежелгі мәдениетіміздің философиясын дұрыс түсінгеніміз абзал. Ол үшін арнайы маманға сөз бергеніміз ләзім. Мәдениеттанушы ғалым, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Альфия Аманжолқызы Айтенованың пікіріне назар салайық: «Бүгінгі сөз қозғайтын, ой толғайтын тақырыбымыз қазақ мәдениетінің ерекшеліктері. Жалпы дін мен мәдениет арасындағы байланысты, олардың арасындағы қайшылықты мәдениеттану тұрғысынан түсіну керек. Ислам діні VII ғасырдың аяғы мен VIII ғасырдың бас кезінен қазақ даласына келгеннен бастап, біздің сенімді дінімізге айналды. Әлі күнге дейін біздің басты дініміз. Ислам дініне дейін ежелгі түркі тайпаларының, көшпелі халықтың наным-сенімдері болған. Бұл біздің тарихтан белгілі. Мысалы тәңіршілдік, шаманизм, метроизм, буддизм, зорастризм, христиандық. Осылардың ішінен өзінің ақиқаттығын айқындап, ұстанымдарымен, ерекшелігімен жеңіп шыққаны, қазақтың көкірегіне нық орнығып қалғаны ислам діні. Өкінішке қарай шығыс пен батыс, жан мен сана, діншілдік пен атеизм, дәстүр мен жаңашылдық арасындағы талас-тартыс әлі күнге дейін пәрменді болып, маңыздылығын жоғалтпай отыр. Сондай-ақ дін мен дәстүр арасындағы қайшылықтар бүгінгі қоғамда да мәселе туғызып жатқандығынан көпшілік хабардар. Неліктен бұлай? Тоталитарлы режимнен босап шықаннан кейінгі босап қалған бос кеңістік пен бос орынды, яғни, діни сауатсыздықты, діни білімнің кемшілігін пайдалана отырып, ислам ғана емес, әлемдік кез келген дінге теріс діни топтар немесе секталар, жат ағымдар өздерінің саясатын қосып, жаңағы айтқан бос кеңістікті өздеріне тиімді пайдалануға тырысып бағуда. Осы жерде тағы бір шегініс жасайық. Көшпелі халықтар, оның ішінде қазақ халқы ислам дінін қабылдағанмен, өздеріне тән ырымдарын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын түбегейлі сылып алып тастаған жоқ. Оның көріністері әлі де көз алдымызда. Мысалы адам қайтыс болған кезде жыртыс тарату, жапандағы жалғыз ағашқа мата байлау, әулие-әмбиелердің басына барып түнеу секілді әдеттер әлі де көрініс тауып жатады. Әрине, бұл әрекеттер жайдан-жай шығып отырған жоқ, бастаулары бар. Ежелгі түрік дүние танымында, яғни арғы қазақтың түсінігінде үш әлем мойындалған. Біріншісі, аспан – Көк тәңірі, Екіншісі, ортаңғы әлем – жер-су, Үшіншісі, жер асты әлемі дейміз. Көк Тәңірі – аспан, материалды ұғымды білдіреді, екінші жағынан құдайлық сипатқа ие. Тәңірім деп алақан жайып, көктен тілеп, сұрап, сенімін білдіріп жатады. Көк Тәңіріне табыну адамдардың табиғат алдындағы парыздылығын, өздерінің құрметін білдіреді. Жаугершілік, қиын-қыстау заманда көшпенді өмір сүрген халық болғандықтан, қазақ үшін табиғаттың қолайлығы өте маңызды болған. Сондықтан Көк Тәңіріне табыну деген сөз табиғат тылсымдарын ұғынуға тырысу деп ұққан абзал. Аспан – аталық, жер-су – аналық бастау деген ұғым бар. Өсіп-өну, тарау, көбею бұл Жер Анамен тығыз байланысты. Мысалы, берекелі Алтай тауы жер-судың берекесі десек, аспан әлемімен Хан Тәңірі тауын байланыстырады. Яғни, Хан Тәңірі ұғымы киелі саналған».
Міне, мәдениеттанушы ғалымның бұл пікрінен көп нәрсені тарқатуға болады. Ол табиғатқа деген біздің бабаларымыздың құрметі. Мысалы үшін бүгінде экологиялық проблема әлем бойынша адамзатқа қауіп төндіріп тұрғанын дүниежүзі айтып жатыр. Ал біздің ата-бабамыз табиғатты қадірлеуді, құрметтеуді, аялауды исламға дейін-ақ қолға алған. Исламға дейін-ақ біздің арғы тегіміз Жаратушы күштің бар екенін білген, Құдайға сенген, Табиғаттың тылсым күшін сол сеніммен байланыстырған. Дінге бармас бұрын өз ұлтыңның, төл халқыңның тарихын, мәдениетін, негізгі өзегінен хабардар болуға тырысуды айтар едік.
«Қазақтың ежелгі дәстүрінде Ұмай ана деген ұғым бар. Бұл отбасы, ошаққасы, баланың дүниеге келуімен тығыз байланысты ұғым. Ғылыми тұрғыда жатырға бала бітумен де байланысады. Баланың үш жасқа дейінгі өмірі Ұмай ананың қолында деп есептелген. Егер нәресте, жыласа, мазасызданса, Ұмай ана алыстап кетті деп топшылаған. Ал бала күлімдеп, тәтті қылық көрсетіп, толып, толысып өсіп келе жатқанын Ұмай ананың келуімен байланыстырған. Ұмай ана батасын берді деп есептеген. Ұмай ананың бейнесін жақсылықтың нышаны ретінде қабылдаған. Мысалы үшін әлі күнге дейін қырқынан шықпаған баланы далаға шығармай, көпшілікке көрсетпей қорғаған. Өйткені қырқынан шықпаған баланың жаны өзіне тиесілі емес деп білген. Сондықтан қырық күн бойы жіті бақылауда ұстаған».
Халықтың ежелден келе жатқан ұғым-түсінігінің астарында үлкен философия, үлкен ғылым жатқандығы дәлелденіп отыр. Кез келген ырым-тиым, салт-дәстүр негізсіз емес. Бірақ ол салт-дәстүрлер исламға қайшылықты білдірмейді. Жат ағымдар халықтың бірге жасасып келе жатқан дәстүр-салтын әдей бұрмалап, исламға қайшы етіп көрсетіп, халықты шатастыруда. Олардың негізгі мүддесі сол. Алайда, алдау үшін, шатастыру мен жаңылдыру үшін жасалған өтіріктерге сенбеген жөн. Ол үшін халықтың тарихын, мәдениетін, дәстүрін бір қарап алған дұрыс. Мәсһаб дегеніміз сол үшін керек. Қазақ халқының салт-дәстрінде исламға қайшылық жоқ екендігі айтылудай атылып келеді. Тек білім кемшілігінен, ізденістің аздығынан оларға көп мән берілмей, жат ағымдардың қисынды өтіріктеріне сеніп қалушылық алаңдатады. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ