Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Семейде баласына берілген ноутбукты сатып жіберген әйел жеті жылға сотталды

Ол бұған дейін де сотты болған екен

Семейде баласына берілген ноутбукты сатып жіберген әйел жеті жылға сотталды
фото: ашық дереккөз

Семей қаласында қашықтан оқу үшін қызына мектептен берілген ноутбукты сатып жіберген әйел түрмеге қамалды, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.  

Қашықтан оқыту кезінде аз қамтылған отбасыдан шыққан 4-сынып оқушысына мектеп әкімшілігі уақытша қолдануға ноутбук берген. Алайда бірнеше айдан кейін қыздың ноутбукты мүлде қолданбайтындығы анықталды. Онлайн сабақтарға оқушы жиі қатыспай, үй тапсырмаларын орындамай келген. Осыған байланысты мұғалімдер баланың анасымен сөйлеспек болады.

Қызына берілген құны 160 мың теңгелік ноутбукты әйел адам 40 мың теңгеге сатып жіберген. Айыпталушы осындай қадамға ақшаға қатты қысылғандықтан барғандығын айтты. Десе де, әйелдің бұл соманы алкогольді ішімдік алуға жұмсағаны белгілі болды, – делінген сот хабарламасында.

Семей тұрғыны бұған дейін де сотты болған екен. Өткен жылдың тамыз айында қарақшылық жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда қарамағында кәмелеттік жасқа толмаған баласының болуына байланысты сот шешімінің орындалуы 3 жарым жылға шегерілді.

Қайтара қылмыс жасағаны үшін сотталушы 7 жыл 6 ай мерзімге темір торға қамалды. Сонымен қатар әйелден білім беру мекемесінің пайдасына 160 мың теңге өндіру туралы азаматтық талапты қанағаттандырды, – делінген мәліметте.