Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Оралда жаттығу жасау бұқаралық сипатта қолға алынды

Оралда қаласында «Аулаларда тегін спорттық тренермен күн сайын спортпен шұғылданамыз» ұстанымымен бастау алған «AulaFit» жобасына ардагерлер қызу қолдау білдіруде. Бүгінде ардагерлер қауымы да жобаға қолдау білдіріп, көпшілік жиналатын алаңдарда тыныс алу жаттығуларын жасауда үлгі көрсетіп келеді.

Оралда жаттығу жасау бұқаралық сипатта қолға алынды

AulaFit – салауатты өмір салтын қалыптастыруға, тұрғындардың спортпен шұғылданып, халқымыздың кез келген ауруға төтеп беруі үшін жасалған жоба. Әр аулада күнбе-күн өткізіліп жүрген жаттығу аптаның алғашқы күні Тұңғыш Президент алаңында кең ауқымда ұйымдастырылды. Бұл жолы қатысушылардың қатары да көп. Үлкен-кіші №1 қалалық емхананың емдік-жаттықтыру нұсқаушысы Сәуле Чкееваның нұсқауымен тыныс алу гимнастикаларын жасады. Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыруды  серік етіп жүрген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов те көпшілік шарадан табылды. 

 – Денсаулықтың маңызын адам есейген сайын біле бастайды. Жаратқанның екі басты құндылығы – денсаулық пен уақыт. Сол себепті уақытты жоймай, денсаулықты күтуіміз керек. Бұл ретте дене шынықтырумен айналысу – басты орында тұруы керек және дұрыс тамақтану. Соның ішінде темекі тартпау. Шылым шегу денсаулықты құрту, өміріңді өз қолыңмен қысқарту  деген сөз. Екіншіден, экономикалық шығын. Темекі үшін күніге 600 теңге жұмсалады. Бұл бір айда  18 мың, бір жылда 200 мың теңге отбасылық бюджеттен жырылады деген сөз, – деген ардагер осы орайда кейінгі толқынға әрдайым салауаттылықты қалыптастыру жөнінде кеңесімен бөлісіп жүргенін жеткізді. 


Атап өтерлігі, өңір пандемия кезінде гимнастиканың көпшілікке аса қажет әрі пайдалы дәл осы түрін ел аумағында алғаш болып бұқаралық сипатта қолға алып отыр. Қазіргі таңда спорт алаңдарында жұмыс жасайтын арнайы мамандар күніне 100-ге жуық адамды қамтуда.

 – Қадыр Мырза Әли ауданында жаттығу жүргіземін. Балалар көп қатысады. Егде жастағы тұрақты келіп жүрген  8-10 тұрғын бар. Жаттығу жас ерекшеліктеріне қарай болады. Дене қыздырудан бастап, көбіне тыныс алу жолдарына арналған жаттығуларды орындаймыз. Одан соң, өз жоспарымызға байланысты ойын-сайыстар өткізіліп жүр, – дейді тренер Айбек Макаров.   

Айта кетейік, аталмыш жоба осыдан бір ай бұрын дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырысы бойынша «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған болатын. Жаттығулар қаламыздағы 9 аудандағы алаңда ұйымдастырылып келеді. Әр алаңда таңертеңгі сағат 8.00-де және кешкі сағат 18.00-ден кейін балалар мен жасөспірім ұл-қыздар, орта және егде жастағы тұрғындар жаттығуда.  Ауладағы жаттығу жыл соңына дейін жалғасады.

Томирис СҰЛТАН