Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Орал қаласында 2 мектептің құрылысы жүруде

Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталмақ. Осы орайда Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар білім ұйымдарын аралап шықты. Сонымен қатар жаңа мектептердің құрылыс жұмыстарын да бақылауға алды.

Орал қаласында 2  мектептің  құрылысы жүруде

Алдымен қала әкімі «Меловые горки» елдімекенінде салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына барды. Бұл ауылдағы №18 негізгі мектебі оқушыларға үш ауысымда білім береді. Жаңа мектеп салу арқылы үш ауысымды оқыту мәселесін шешу көзделген. Мердігер мекеме – «Альтаир» ЖШС. Екі ай бұрын басталған құрылыс жұмыстары 2022 жылдың бірінші тоқсанында аяқталмақ.

– Құрылыста 80 шақты адам жұмыс жасауда. Техника өзіміздікі, құрылыс материалдарын жергілікті кәсіпорындардан алып жатырмыз. Қазіргі уақытта бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айында тас қалауды басталады. Жұмыс күші жеткілікті, – деді учаске басшысы Владимир Гальчанский.

Күні ертең жаңа оқу жылы басталатынын еске салған қала басшысы мердігер мекеме өкілдеріне қауіпсіздік қағидаларын ұмытпауды ескертті. Сонымен қатар жұмыстың сапалы болуы керектігін баса айтты.

Қала әкімі мұнан соң  апатты  деп танылуына байланысты қайтадан салынып жатқан №33 жалпы білім беретін мектептің құрылыс алаңына барды. Нысан құрылысы 2020  жылдың алғашқы айларында басталған еді. Мектеп директоры Үміт Ерғалиеваның айтуынша, жаңадан бой көтеретін 300 орындық мектепте 50 балаға арналған шағын орталық болады. Жобалық-сметалық құжаттамада спорт алаңдары да қарастырылған. Бүгінгі таңда мектепте 480 оқушы бар. Олар екі жылдан бері осы аудандағы №2 орта мектепте білім алуда.

БҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қажиев пандемияға байланысты құрылысыты жүргізіп жатқан мердігер мекемеге қосымша екі ай, яғни осы жылдың желтоқсанына дейін уақыт берілгенін атап өтті.  

 –  Оқу жылының екінші тоқсанында мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ішкі жұмыстар жасалуда, ғимараттың шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде. Қалған құрал-жабдықтар барлығы дайын тұр, – деді басқарма өкілі.

Мердігер мекемеге құрылыстың қарқынын үдету үшін екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшу және жұмысшылар санын көбейту тапсырылды. 

Қала әкімі сапар соңында №13 орта мектепке келіп, мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп директоры Айсұлу Налиеваның айтуынша, аталмыш білім ошағы 2020 жылы «Энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу бойынша жаңғырту бағдарламасы» аясында Дүниежүзілік даму банкінің грантын ұтып алған. – Соған орай биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, мектептің үш қабатындағы барлық терезелері мен шығатын есіктер ауыстырылды, шатырды жылыту жұмыстары жүргізілуде. Ауа райына байланысты жұмыс жасайтын үнемді жылу жүйесі орнатылады. Мектептің жарықтандыру жүйесі толықтай ауыстырылады. Барлық жұмыстар 24 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда, – деген Айсұлу Серікқызы жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға сақадай сай болатындарын жеткізді.

Бұл мектепте екі ауысымда 800-ден астам оқушы білім алады. 56 сынып комплектісі бар. Оның 29-ы коррекциялық-дамытушылық сыныптары.

Білім ұйымдарын аралап шыққан соң шаһар басшысы Абат Шыныбеков журналистерге сұхбат берді. Өз сөзінде үш ауысымдық мектептерді жою —  білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін, осы орайда мектеп құрылыстары орта білім беру жүйесіндегі үш ауысымдық оқу үрдісін шешуге оң ықпал еткенін атап өтті.

 –   2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында өткізілді. Ал биылғы оқу жылында дәстүрлі оқу форматына көшу көзделуде. Білім ошақтарында оқу жылына дайындық жұмыстары басталып кетті. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №13 орта мектепте, №15 мектепке дейінгі ұйымдарда күрделі жөндеу жасалуда. Сонымен қатар қаламыздағы апатты жағдайдағы және үшауысымда оқытатын мектептерді жою мәселесі қолға алынды. Бұл ретте Меловые горки елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп құрылысы жүзеге асырылуда. Қаладағы тозығы жеткен №33 орта мектептің орнына салынып жатқан жаңа білім ордасын да биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мердігер мекемелер өз жұмыстарын жоспарға сай атқаруда. Сондай-ақ қаланың солтүстік-шығыс ауданында орналасқан №37 орта мектептің алдына жол салу, автотұрақ орнату мәселесі көптен көтеріліп жүрген еді. Осы аймақты абаттандыру жоспарына сәйкес мектептің алдына «Уральскводстрой» ЖШС мекемесі жол салу жұмыстарын бастады, – деді Абат Абайұлы.

Томирис СҰЛТАН