Орал шаһарында көпқабатты үйлердің аулаларын жаңарту, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ойыны мен жаттығулар жүргізуіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Тамыз айында бес аулада спорттық және балалар ойын алаңы пайдалануға берілмек.
Биыл қалада заманауи үлгідегі 20 спорттық және ойын алаңын салу жоспарланған болатын. Оған бюджеттен 500 млн. теңге қаржы бағытталды. Бұл алаңдардың құрылыс жұмыстарын жергілікті тәжірибелі мердігер компания «Жайық Сити» ЖШС жүргізуде. Жоспарланған алаңдардың бұған дейін алтауы тұрғындар игілігіне пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін қалған 14 нысанның құрылысы жалғасады. Оның бесеуі осы тамыз айының ішінде аяқталмақ. Мәселен, Құрманғазы көшесі бойындағы көпқабатты үйлер ауласындағы спорттық және ойын алаңының құрылыс жұмыстары тәмамдала келген. Қазіргі уақытта мердігерлер ойын жабдықтарын орнатуда. Одан соң ересектерге арналған жаттығу құрылымдары да жеткізілмек.
– Бұл нысан құрылысының сметалық құны – 48,720 млн. теңге. Жобада шағын футбол алаңы, ойын және жаттығу элементтерін орнату, жарықтандыру, көгалдандыру қаралды. Мердігер тапсырысқа сай құрылыс жұмыстарына 100 пайыз отандық өнімдерді қолдануда. Оның ішінде балаларға арналған ойын құрылымдары жергілікті «ГласСервис» ЖШС-ының өнімдері, – деді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Бейбіт Кәшім.
Аталған мекенжайдағы нысанның жалпы аумағы 1877 шаршы метр. 419 шаршы метр аумаққа жол төселген. Жасанды көгалмен жабылған шағын футбол алаңы 1008 шаршы метр. Мердігер компания басшылығы жабдықтардың сапалылығына сендірді. Десе де, пайда болған ақаулықтарды өздері қалпына келтіретін болады. Бұл үшін екі жылға кепілдік мерзімі белгіленген.
Томирис СҰЛТАН