Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары болып табылатын мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесті деп хабарлайды Paryz.kz, ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram каналының мәліметтеріне қарағанда, бөлім басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, «Covid-19» коронавирус инфекциясымен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған.
Сондай-ақ жоғарыда аталған пара сомасын берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапқа тартылады. Лауазымды адамдар Уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Тергеу жалғасуда.
ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.