Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қолөнер бұйымдарын арбаттағы жәрмеңкеден табасыз

Алтын қолды шеберлердің туындыларын Оралдағы Д.Нұрпейісова көшесінен табуға болады.

Қолөнер  бұйымдарын арбаттағы жәрмеңкеден табасыз

Бұл ретте қала әкімдігі арбатта өңір шеберлерінің  көрмесін тұрақты түрде ұйымдастыруға жәрдем жасап отыр. Яғни, қолөнершілер тек мерекелерде ғана емес, әр күн сайын осы жерде туындыларын көпшілікке таныстырып, сатылымға шығаруда. Олардан ешқандай салық төлемі алынбайды. Сондай-ақ қолөнершілерге жайлы болуы үшін киіз үй үлгісінде шатырлар да дайындалды.

  – Қаламызда қолөнермен айналысатындар көп. Әр бағыттағы шеберлер бірнеше  топқа біріккен. Мәселен, «Ақжайық – шебелер қаласы» аталатын біздің топта 100-ден астам шебер бар. Олардың кейбірі өндірісте жұмыс жасайды, сондықтан көрмеге демалыс күндері ғана шыға алады. Зейнеткерлер де, сонымен қатар қолөнерінен пайда тауып, бизнеске айналдырып отырғандар да бар. Сәндік бұйымдар, кәдесыйлар, көрпелер дайындап, киімдер тігеміз. Көрмеге шығарған бұйымдарымызға қызығушылық танытып, жасалу жолын сұрайтындар көп. Осы орайда шеберлік сағаттарын ұйымдастырып та жүрміз. Қала күніне орай жәрмеңке апталығы ұйымдастырылмақ. Апталық аясында шеберлік сағаттары жоспарланып отыр, – дейді «Ақжайық – шеберлер қаласы» қолөнершілер тобының топ басшысы Зинаида Кожевникова.

 Көрме-жәрмеңкеге көздің жауын алар түрлі бұйымдар шығарылған. Бисердан дайындалған сәндік әшекейлер, тоқымалар, қыз жасауының бұйымдары мен замануи сөздер басылған сөмкелер, киімдер, кәдесыйлар бар. Мәселен, Гүлайна есімді шебер жәрмеңкеге өз қолынан шыққан ұлттық нақышпен өрнектелген көпшік тыстар мен «Сырға салу» рәсіміне арналған қобдиша, көрпелерін алып келген. Биотехнология, одан соң педагог-психолог мамандығы бойынша білім алып, жұмыс жасаған. Қазір бала күтіміне  байланысты демалыста отыр. Ал болашақта қолөнерге бір жола бет бұрып, осы бағытта кәсібін дөңгелетпек ойы бар.  

  –  Тұрмысқа шықпас бұрын құрақ көрпе тігуден шеберлік сабағына қатысып, жасауымның  көрпе-көпшік тыстарын өзім тігіп шыққан едім. Ол кезде жаңадан үйреніп жүргендіктен алты көрпе мен төрт көпшіктің тысын дайындауға бір айға жуық уақыт кетті. Содан бері қызығушылығым арта түсті. Басқа да бұйымдарды тігіп жүрмін. Шеберлік сабақтарға көбірек қатысып, біліктілігімді шыңдап, өзімді дамытып келемін. Тапсырыстар алып жүрмін, – дейді Гүлайна Әбдешова.

Жәрмеңкеде жұртшылықты ерекше қызықтырған этно үлгідегі, жастардың арасында жиі қолданылатын сөздер жазылған шопперлер, оверсайз үлгісіндегі киімдер. Мұны «Меко» ательесі әкелген.  

  – Ателье нарықта 2003 жылдан бері жұмыс жасайды. Бұрыннан осы үлгіде өнімдер шығару туралы ойымыз болған. Бірақ, тапсырыс бойынша – концерттерге, тойларға киім тігуге басымдық беріп кеттік. Өткен жылы пандемияның басталуымен тапсырыстар азайып, біздің  негізгі идеямызды еске түсіріп, жүзеге асыруымызға ықпал етті. Қазір адамдар үнемдеуге көшті. Осы орайда біз де күнделікті киетін киімдер, шоппер, бас киімдер шығара бастадық. Бұлар – биылғы  туындыларымыз. 12 мен 25 жас аралығындағы жастар қандай киім киеді, қандай ән тыңдап, қандай фильм көреді – соның негізінде жастардың арасында сәнге айнлаған лексикаларды шопперларға басып шығардық. Сұраныс бар, қызығушылықпен алады, – дейді дизайнер, «Меко» компаниясының негізін салушы Меңдібек Нұрғалиев.

Оралда  дайындалған «Меко» өнімдері қазіргі уақытта облысымыздан тыс өңірлерге тапсырыс бойынша жеткізілуде. Нақтырақ айтқанда, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалалары тұрғындарының жоғары сұранысында екен.

 Қолөнер – мәдениеттің ең биік шыңы. Аталмыш өнердің адамдарды рухани байлыққа тәрбиелеудегі, ата-дәстүрімізді насихаттаудағы рөлі ерекше. Жергілікті әкімдік арбат бойына қолөнер бұйымдарын жасаушыларды ғана емес, суретшілерді, өнерпаздарды тартуда жұмыстануда. Мақсат – бұл жерді халықтың қызыға келетін орнына айналдыру.

Томирис СҰЛТАН