Токиода өтіп жаткан олимпиада ойындарына қатысушы жерлестерімізге Орал жастары қолдау білдіруде. Осы орайда #Бізбіргеміз #AlgaQazaqstan челенджін бастады.
Ақжайық стадионына жиналып, мемлекеттік туды ұстаған жастар төрт жылда бір келетін бес құрлықтың басын қосатын байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретіміз деп барған қазақ елінің спортшыларына сәттілік тілеп, «Алға, Қазақстан!», «Біз біргеміз» деп ұрандатты.
– Қазір әлем халқы көз тіккен үлкен спорт тойы болып жатыр. Бүкіл ел бір жүректей бірге соғып, бар ынта-ықыласымен отандастарына тілеулес болып, қолдау көрсетуде. Барлық қазақстандықтар ел құрамасымен бірге. Біз шын жүректен жеңіс, тамаша нәтижелер тілейміз. Спортшыларымызға сенеміз және елге медальдармен оралуын асыға күтеміз, – дейді өңір жастарының атынан қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дулат Жүсіпқалиев.
Айта кетейік, Токиода өтіп жатқан XXXII жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 97 спортшы жарысқа түсуде. Олардың үшеуі оралдық спортшылар – су добы бойынша Павел Липилин мен Данил Артюх және жеңіл атлетикалық жүрістен Георгий Шейко.
Томирис СҰЛТАН