Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Адасып, ажал құшқан Асхат

Адам болған соң, бір рет қателік жасағанды кешіруге болады. Ал қателік қайталанса, оны ақымақтыққа жатқызамыз. Бұл даналардан қалған тәмсіл. Адасқан тағдырды мақаламызға арқау еткендегі мақсат осындай қателік қайталанбаса екен дейміз.

Адасып, ажал құшқан Асхат

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу», «Кеңес беру және оңалту» орталықтары адасқан тағдырлардың қайтадан  қатарға қосылуына күш салуда. Жаза басып, жапа шеккендер мен жырақтан жұмақ іздеп барып, ажал құшқандардың артында қалған отбасымен психологтар, теологтар үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Басқарма арқылы тағдыры талқан болған талай отбасы туралы ақпарат алдық. Соның бірі –жезқазғандық Асхат Таймаханов (аты-жөні өзгертілген – ред.)

Асхат қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Әкесі базарда балық сатып нәпақасын тауып жүр. Анасы ертеректе бақилық болыпты. Үш бауыры бар. Асхат 2010 жылы намазға жығылғанында жақындары қуанған. Жаратқаннан жәрдем тілеп, бала-шағасын такси айдап асырапты. Алған жоғары білімі жоқ Асхат одан басқа жөні түзу жұмыс таппайды. Арнайы білімі болмағандықтан, жұмысқа тұра алмай, несиеге алған пәтерінің қарызын өтей алмай, тығырыққа тірелген. Жат ағымдардың да аңдығаны осындай жандар емес пе?! Күн көрісі қиындап, несие бір жағынан қысып жүрген сол уақытта телефонына әлдебіреулер хабарласып, Қарағандыдан табысы мол жұмыс уәде еткен. Астындағы көлігін сатып, Қарағандыға аттанған азамат содан оралмапты. Кеткенінде қалтасында он бір мың АҚШ доллары болған деген дерек бар.

Асхаттың артында үш баласы және Жанат атты жары қалған. Жарынан айырылғанына алты жылдан асса да Жанаттың көзінде жас, көкірегінде ащы өксік. Балаларының болашағына алаңдайтынын айтады: «Мен балаларымның болашағы үшін қорқамын. Бір күні сондай адамның баласы деп қоғамда басқаша қабылдап, балаларыма зияны тие ме деймін... Терроризм дегенді, шынымды айтсам, телевизордан көргенде бірақ түсіндім. Ал оған дейін терроризм, секта деген ұғым менде болған жоқ. Асхат таксист болып қана жүрді. Таксидің ақшасы бірде жетеді, бірде жетпейді. Кейіннен намаз бастады. Бірақ оның отбасына, айналасына дін туралы айтқанын естімедім. «Сен намаз оқымайсың, кәпірсің» немесе менің дайындаған тамағымды «харам, мен ішпеймін» деген сияқты болған емес. Мұндай сөз айтқан емес».  

Қарағандыдан жұмыс таптым деп көлігін сатып аттанған Асхат біраз уақыт хабарсыз кетеді. Араға төрт ай салып, Ресейде келісім шартпен жұмыс істеп жүргенін жеткізген. Жоқшылықтың зардабын тартып жүрген отбасының ойларында ешқандай күдік-күмән болмайды. Жұмыс істесе ақша табады, ақша табылса, тұрмысымыз жақсарады деп үнсіз ғана үмітпен жүре береді. Жарты жылдан кейін қазақстандық жиһадшылардың үндеуі жарияланып, Таймахановтар әулеті бүлікшілердің арасынан Асхатты танып қалады. Сол бейнероликте үш баланың әкесі Асхат есімін Нұқ әл-Қазақи деп өзгерткені белгілі болады. Әулетімен бұл бейнероликті көрген кезін Жанат көзіне жас ала отырып есіне түсірді: «Ол сезімімді айта алмаймын. Сенген жоқпын. Рас па, өтірік пе? Бірақ телевизордан көріп тұрмын. Ойым сан саққа жүгіргенімен бір түйінге тоқтата алмаймын. Менің қолымнан не келеді? Тек жылаймын. Әлі жылап келемін. Одан кейін ешқандай хабар-ошар  болған жоқ. Тек 2014-тің қаңтарында қайтыс болды деген ғана хабар келді. Біреулер белгісіз нөмірмен қасындағы жолдасымыз деп хабарласты. Болды. Ол роликті қайталап көрген де жоқпын».

Асхат кіммен кетті? Оны үгіттеген кімдер? Ол жағы беймәлім. Бір  анығы исламның атын жамылған деструктивті топ екені ғана. Асхаттың мұндай теріс діни топқа ілесіп кетуінің себебін теолог-ғалым  Таңат Телманбетовтен сұрадық: «Себебі белгілі – дейді, теолог. Ұлттық сананың жақсы қалыптаспағанының себебі мен салдары. Отанға деген сүйіспеншіліктің кемдігі. Діни сауатсыздық. Қазақы шариғаттың бойына сіңбегенінен. Қазақтың отанына, қазақы мұсылманшылыққа бойламағаннан. Абайды, Шәкәрімді білмегеннен, оларды оқымағаннан. Қазақылықпен және ірі тұлғалармен шариғатты байланыстыру керек. Ислам жүйесін керек болса орыс тілінде айту керек. Түсіндіру қажет. Әрбір азаматтың, жастың, жасөспірімнің бойына сіңірген жөн.  Сол кезде олар қазақтың тұлғасымен, қазақтың мәдениетімен, қазақтың дәстүрімен танысады, көзі ашылады. Шариғатты байланыстыра алады».

Иә, мәдениеттілікті үйренгеннен  гөрі қазақылықты меңгеру қиын  дегенмен мағыналас алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының сөзі бар. Қазақылықты бойына сіңірген жан оңайлықпен адаспайтыны бүгінде дәлелденді. Тек соған жаппай мән беру ғана қалып тұр. Өзіміздің ұлттық өзегімізге келмесек, талай тағдырдың тәлкекке түсері кәдік. Оны өмір көрсетіп отыр. Мақаламызға арқау болып отырған Асхат та мысал бола алады. Оның артында қалған қырық екі жастағы келіншек қайғыдан қартайған. Жолдасы мерт болғалы жылдар өтсе де көз жасы құрғамапты. Өлместің күнін кешіп жүр. Күйеуінің мұсылмандық емес жолға түсіп мерт болғанын қинала отырып жеткізді: «Жалғыз мен емес, мен сияқты адамдар бар шығар. Асыраушысынан айрылып, баласын жетім қалдырып, кетіп жатқан. Бұл шын мұсылмандық емес. Шын мұсылмандыққа қарсы нәрсе. Шын мұсылман бұлай істемейді. Балаларым әкем қайда деп сұрақ қоймайды. Өйткені олар кішкентайынан не болғанын білді, көрді. Ешкімнің басына бермесін. Жат ағымға сенбеңіздер»-деп сөйлей алмай булыққан Жанаттың жанарында талай нәрсе жатқанын байқағанымызбен оны қинамадық. Түсінікті емес пе...  Исламның атын жамылған қара ниетті жат ағымдар талай тағдырды тәлкекке салып, талай отбасын ойрандады, шаңырағын шайқалтты.   Бұл кез келген адамға сабақ болса керек. Ойланбай опық жегеннен, ойланып әрекет еткен абзал. Интернет арқылы аяққа тұсау, басқа ноқта салатын деструктивті топтардың пиғылы жаман. Сақ болайық! Сақтанайық!                                                                                                                                            

                                             

    Еділ АНЫҚБАЙ