Полицейлер оларды Өскеменнен 140-150 шақырым жерде ұстады.
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында ерекше режимде ұстайтын арнайы мектепте төтенше жағдай болды. Ұрлық, алаяқтық үшін сотталған екі жасөспірім мекемеден қашып кеткен деп хабарлайды Paryz.kz.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 30 маусымда сағат 04.30 шамасында кезекші түнгі тексеру кезінде екі жасөспірімнің жоқ екенін анықтаған. Олардың бірі арнайы мектепке Түркістан облысынан, екіншісі Қызылордадан келген. Бақылау камерасы олардың қашу сәтін түсіріп алған. Онда екі жасөспірімнің жоғарғы қабаттан төсек жаймасын пайдаланып, төмен түсіп, үш метрлік металл дуалға өрмелеп шығып, мекеме аумағынан қашып кеткені көрсетілген. Осыдан кейін жеке құрам кәмелетке толмағандарды іздеуге шығып және бекеттер орналастырды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары қашқындардың ауданның 54 жастағы тұрғынына тиесілі УАЗ автокөлігін ұрлап кеткенін анықтады.
Олар көлікті жақын елді мекенге апарып, 70 мың теңгеге сатып жіберген. Осыдан кейін Өскеменге таксимен барып, қаладан Алматыға қарай аттанған. Полицейлер жасөспірімдерді Өскеменнен 140-150 шақырым жерде ұстады. Қазіргі уақытта оқушылар арнайы мектепке қайтарылды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 200-бабы, 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.