Бизнес иелеріне «Тіл туралы» заң талаптары түсіндірілді

Орал қаласында ғимараттар мен бизнес иелері нысандардың маңдайшаларына жазбаларды ілуде мәтіндерін алдын ала жергілікті мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуі міндеттелді. Сондай-ақ кәсіп иелеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптары түсіндірілуде.

Бизнес иелеріне «Тіл туралы» заң талаптары түсіндірілді

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  мәліметінше, өңірде 60-тан астам жарнама агенттігі, баспахана жұмыс жасайды. Бөлім тарапынан Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау бойынша жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілген. Көрнекі ақпараттарда, жарнама мәтіндерінде «Тіл туралы» Заңның сақталуы, халыққа қызмет көрсету орындарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы туралы мәжіліс ұйымдастырылды.

 Жыл басынан бері көрнекі ақпараттағы қателер бойынша жиырмаға жуық хат жолданып, сексеннен астам жарнама үлгілерінің мәтіндері түзетіліп, бекітілген. 300-ге тарта кәсіпкерлік нысанына телефон арқылы әдістемелік көмек көрсетілді. Бүгінгі күні Орал қаласының басты көшесі – Назарбаев даңғылындағы ғимараттардың, бизнес нысандарының маңдайшаларындағы жазуларды алдын ала келісу міндеттелуде.

  – Бұл жұмыстарды жүргізуге тек қана тіл басқармасының немесе мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің күші жетпейді.  Мұндай олқылықтарды жою жұмыстары барысында тіл жанашырларының және мұндай мәселеге бей-жай қарамайтын белсенділер мен волонтерлердің көмегі ауадай қажет. Мұндай жандар арамызда бар, – дейді  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.

Айта кетейік, қалада тіл жанашырлары жиналған «Тіл қорғандары» тобы көрнекі  ақпараттарды түзетуде, мәтіндердің сауаттылығын қадағалауда белсенді жұмыс жасап келеді.

Томирис СҰЛТАН