Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Елімізде 2020-2022 жылдары ғылымды қаржыландыру мөлшері екі есеге ұлғайтылды

Мысал ретінде, 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайған, ал 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін (қазіргі уақытта 0,12%) ұлғайту жоспарланып отыр.

Елімізде 2020-2022 жылдары ғылымды қаржыландыру мөлшері екі есеге ұлғайтылды
Дереккөз: inbusiness.kz

Қазіргі уақытта, ғылыми саланы дамыту, оның нәтижелілігін арттыру мемлекеттің бірінші кезектегі жаңа міндеттеріне кіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылымды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру бойынша едәуір ұлғайтуды тапсырды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталып өткен тағы бір мәселе – отандық ғалымдарға қолдау көрсету және ғылымды дамытуға жан-жақты ықпал ету. Осылайша, гранттық қаржыландыру осындай қолдаудың шешімдерінің бірі болды. 2020-2022 жылдарға арналған жас ғалымдардың бір ғана конкурсы бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайды.

Бұл ретте мемлекеттік гранттар - қаржыландырудың ең талап етілетін түрлерінің бірі екенін атап өткен жөн. Тек 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әр түрлі қаржыландыру көлемі мен жобаларды іске асыру мерзімдері бар гранттарға 5 конкурс өткізді. Алғаш рет гранттардың жаңа түрлері енгізілді — шетелдік ғалымдармен жеке, қысқа мерзімді коллаборацияға.

Әрбір жобаны қаржыландыру көлемі қойылған міндеттерге және жоба шеңберінде жүргізілетін зерттеулер ауқымына байланысты болады. Гранттық қаржыландыру және оның көлемі туралы түпкілікті шешімді Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) шығарады және оны "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.

Мысал ретінде, 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайған, ал 2025 жылға қарай                         ЖІӨ-нің 1%-на дейін (қазіргі уақытта 0,12%) ұлғайту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ғылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, Үкіметтің алдына келесі бірінші кезектегі міндеттерді қойды:

- әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағылымдамадан өткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы бойынша зерттеулер жүргізу бойынша жас ғалымдарға 1000 грант беру;

- ғылымды қаржыландыру үшін ірі кәсіпорындардың қаражатын тарту, жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, ғылым мен технологияларды дамытуға күрделі салымдардың 1%-ын бюджет арқылы бөлуді орталықтандыруды қамтамасыз ету;

- ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталған елдің ғылыми-технологиялық дамуы бойынша жеке бағдарламалық құжаттар әзірлеу.

Көріп отырғанымыздай, Тәуелсіздік жылдарында ғылыми саланы мемлекеттік қолдау алға қойған мақсатты қадамдарды жүзеге асыру және бірізді жүйелі жұмыстарды жүргізумен ерекшеленді. Отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстары үшін барлық мүмкіндіктерді кеңейтуге және тұтастай республика ғылымының дамуын ынталандыруға тікелей бағытталды.

Соңғы деректер республиканың ғылыми саласындағы сөзсіз оң өзгерістерді көрсетеді. Мысалы ретінде, Қазақстанда соңғы онжылдықта ғылыми қызметкерлердің саны 2009 жылғы 15,8 мың болса, қазіргі уақытта 21,8 мың адамға дейін тұрақты өсті. Жастардың ғылымға келу үрдісі де байқалды, оның ішінде жас ғалымдар зерттеушілердің жалпы санының 37,5%-ын құрайды, ал 2010 жылы олардың саны небәрі 24%-ды құраған болатын.

Соңғы 10 жылда елімізде қазақстандық ғалымдардың халықаралық деректер базасына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша тың жұмыстар жүргізілді, бұл жарияланымдық белсенділіктің артуына оң ықпалын тигізді деп санауға болады.

Осылайша, 2015-2019 жылдары Қазақстанның жарияланымдар саны 14 852 бірлікті құрады, бұл еліміздің әлемдік рейтингте 214 елдің ішінде 75-орынды алуға мүмкіндік берді, ал 2011 жылы мемлекетіміз 101 орында болатын.

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ғылым саласында бүгінде 21 782 азамат жұмыс істейді. Зерттеушілердің үштен бірінің ғылыми және академиялық дәрежесі болса, олардың ішінде 1 697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы және 293 бейін бойынша докторлар бар.

2020 жылы ҒЗТКЖ жүзеге асыратын кәсіпорындар саны – 373 құрады, бұл ретте олардың 50%-дан астамы кәсіпкерлік және коммерциялық емес секторларға жатады.

Жалпы, қазіргі таңда білім және ғылым министрлігі 10 басым бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың 1169 ғылыми зерттеулерін қаржыландыруда, оның ішінде 317 гранттық жоба - бұл жас ғалымдардың зерттеулері болып отыр.

Қорытындылай келе, Қазақстанның ғылыми әлеуетінің жемісті дамуының ең жарқын көрсеткіші отандық ғалымдардың әлемдегі өзекті проблема – коронавирус пандемиясымен күрестегі үлкен жетістігінің соңғы фактісі болып табылады. Атап айтқанда, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары жұмысының жоғары нәтижелерінің арқасында Қазақстан өзінің COVID-19 вакцинасын жасаған әлемнің 5-ші еліне айналғанын қуанышпен атап өткен жөн. Осыған орай, тәуелсіз Қазақстандағы зор ғылыми жетістік, еліміздің ғылымы көптеген қиындықтарды жеңіп, ең биік белестерге шығатынына және біздің ғалымдарымыз ғылым саласының түрлі салаларында ірі және елеулі нәтижелерге қол жеткізетініне үлкен сенім артамыз.