Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық инженерлік-техникалық мамандар даярланды.
Елімізде «Болашақ» бағдарламасы құрылғалы бері, талай дарынды жастар өз білімдерін шетелде жетілдіріп, елге оралып, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етуде. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы құрылғалы бері қанша ел азаматы шетелде білім алып келді? Бүгінде олардың қоғамның қай салаларында еңбек етіп жатыр?
Осы ретте аталған мақалада «Болашақ» бағдарламасының егемен Қазақстан тарихында жаңа өскелең ұрпақ үшін алатын орны мен рөлі туралы әңгімелейтін боламыз.
Бұдан жиырма сегіз жыл бұрын, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мемлекеттің болашағын елестету өте қиын еді. Экономика құлдырау жағдайында болып, барлық ірі өндірістер бірден тоқтап қалды. Инфляция мен жұмыссыздық деңгейі шектен тыс өсті.
Сол кезеңде Қазақстан экономикалық нарықтық қатынастарға енді ғана көшуді бастаған болатын. Тіпті, елемізде ең білікті деген менеджерлердің өзі жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқаруға, сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің болашағын дамыту туралы стратегиялық және тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу барысында халықаралық тәжірибелерге сүйенді.
Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар мен білікті мамандар аса қажет болды. Күн тәртібінде мемлекет аумағында жекешелендіру жүргізу, елімізге инвестиция тарту қажеттігі туындады және бұл үрдіс мемлекетіміздің стратегиялық басты таңдауы болды.
Осы Тәуелсіздік тұсындағы күрделі қиын кезеңдерге қарамастан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылды. Осы орайда, қазақстандық жастардың шетелде білім алуына үлкен жол ашылды. Мемлекет тарапынан қазақ жастары үшін Америка, Еуропа, Азия, Австралия елдерінде білім алуына тиісті жағдай жасалды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1994 жылы ең алғашқы 187 стипендиатпен шетелге оқуға кетер алдында олармен жеке өзі жолығып, ХХІ ғасыр Қазақстандағы білім ғасыры болатынын және мемлекеттің болашағы жастардың қолында екенін жеткізді.
2005 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Жолдауында жыл сайын үш мың жас және талантты қазақстандыққа әлемнің жетекші оқу орындарында білім алу мүмкіндігін беру қажеттігі туралы жариялады.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 301 Қаулысымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік қоғамы құрылды. Орталықты құрудың басты мақсаты «Болашақ бағдарламасының стипендиаттарын оқыту және жұмысқа орналастыру, білікті кадрларды қайта даярлау және олардың білімі мен біліктілігін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру.
Бүгінгі «Болашақ» бағдарламаның басты мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін жоғары білікті кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді көздейді.
Ал, бүгінгі күні статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, 14269 қазақстандық жастарға «Болашақ» бағдарламасының стипендиясы тағайындалды, 8909 бітіруші түлек өздерінің мемлекет алдындағы шарттық міндеттемелерін түгел орындап шықты, 3078 түлек еңбегін өтеу үстінде, 1016 адам бағдарламаның мониторингінде тұрған стипендиаттар болып табылады.
2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға 1055 стипендия бөлінді. Атап айтқанда, 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша бөлінген, ал 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты бойынша беріледі. Бұл санат ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылғанын атап өткен жөн.
Бүгінгі «Болашақ» бағдарламасын бітірушілердің басым бөлігін экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет пен өнер жолындағы жаңа кадрларды құрайды. Бағдарламаның әрбір екінші түлегі бүгінде жеке және мемлекеттік квазисекторларда жұмыс істейді.
Атап айтқанда, 19% – ұлттық компаниялардың менеджерлері, 4%-ға жуығы халықаралық ұйымдарда, сондай-ақ Қазақстанның түрлі ҮЕҰ-да жұмыс істейді. Жалпы, түлектердің төрттен үш бөлігі экономиканың нақты секторында және азаматтық қоғам институттарында жұмыс істейді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда түлектердің 25%-ға жуығы жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік басқару жүйесінде жеке – 19%-ды құрайтынын атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық инженерлік-техникалық мамандар даярланды. Бұл инновациялық жобалар мен технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика саласындағы қызметкерлерді құрайды.
Әсіресе, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру дегеніміз – Қазақстанды шикізатқа тәуелділіктен арылту үшін мүлдем жаңа кәсіпорындар құру. Жалпы, гуманитарлық және инженерлік-техникалық мамандықтар арасында қажетті теңгерімге қол жеткізілгенін атап өткен жөн.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен 2010 жылы әлемдік деңгейдегі ЖОО «Назарбаев университеті» ашылуы Қазақстанның әлемдік білім экспорттаушысына айналуының бастамасы болды. Бүгінде «Назарбаев университеті» 200-ден астам «Болашақ» бағдарламасының түлектері жұмыс істейді және түлектер қауымдастығы белсенді қызмет атқарады.
Болашақтықтардың ел дамуындағы рөлі туралы әңгіме олардың Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған міндеттерін іске асырудағы рөлі туралы тұжырымдауға алып келді. Біздің республикамыздың әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі басты мақсат болғандықтан, Елбасы бұл үшін ХХІ ғасырдың ортасында көшбасшы болу деген нені білдіретінін нақты түсіну маңызды екенін назарға салды.