Жастардың діни сауаттылығын арттыру жүйелі жүргізілуде

Орал қаласында  12-мен 29 жас аралығындағы тұрғындар саны 68 мыңнан асады екен. Мамандардың айтуынша, жасөспірім шақ, яғни өтпелі кезең жеткіншектердің жаңа нәрсеге үйір, өзгеріс әлеміне қызығушылық танытатын уақыты. Бүгінгі қоғамдағы көрініс те осы кезеңде олардың дін ұстануға ынталары оянатынын көрсетіп отыр.  

Жастардың діни сауаттылығын арттыру жүйелі жүргізілуде
фото автора

Орал қаласындағы жастармен тығыз жұмыс жүргізетін қалалық ресурстық орталықта 2018 жылдан бері теолог мамандар түсінік жұмыстарын жүргізіп, теологиялық сұрақтар бойынша кеңес беріп келеді. Жүйелі өткізіліп жүрген «Жастарға кеңес» жобаларында байқалғандай, теологтарға мәселелерін жеткізушілер, сауалдарын қоятындар аз емес. Оратлықтың теолог маманы Аэлита Қуатованың айтуынша, жүзбе-жүз кездесулер жастардың ашық сұрақ қойып, еркін ой бөлісулеріне септігін тигізеді. Арнайы сабақ алуға ниет білдіріп, коворкинг орталыққа келушілер де бар. Жастар көп жүретін орындарда, базар аумағында жүйелі түрде теологиялық түсіндірме жүргізіліп, ақпараттық парақшалар ұсынылып жүр.

Жастар ғаламтор желісін белсенді қолданушылар. Ал діни ағым өкілдері үшін өз  идеологияларын аудио немесе видео түріндегі лекция немесе электронды кітаптар арқылы тарату ең оңай тәсіл. Google, Yandex сияқты кез келген іздеу жүйесінен діни ақпарат іздеген адам көптеген мәліметтер, түрлі сайттарға тап болады. Оның ішінде қай ақпарат дұрыс, қайсысы бұрыс – ажырату қиын. Әсіресе, кейінгі уақытта карантиндік шектеулер азаматтарға өзіне қажетті ақпараттардың басым бөлігін ғаламтордан, әлеуметтік желідегі сан түрлі парақшалардан іздеуіне әкелді. Ресурстық орталық та сәйкесінше сұранысты қанағаттандыруға үлес қосу мақсатында әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды қолға алды. Орталықтағы консультациялық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алма Төлепқалиеваның айтуынша, діни сауаттылықты арттыру мақсатында ресурстық орталықтың мамандары колледж студенттері мен мектеп оқушыларына «Діни сауаттылық – қоғамның тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында онлайн семинар-кездесулер ұйымдастырып, арнайы бағдарламалар жасап келеді.

  – Қазіргі жағдайда діни сауаттылықты арттыру үшін әлеуметтік  желілердегі «Орал жастары» парақшасы арқылы теолог мамандардың қатысуымен әр түрлі бағытты  қамтыған тікелей эфирлер өткізіліп, кеңес беру жүргізіліп келеді. Тікелей эфирлер кезінде «Кең болсаң, кем болмайсың», «Дініміздегі уақыт қадірі және жастық шақ», «Қызға құрмет – иманнан», «Ислам және ұлттық құндылықтар», «Отан – отбасынан басталады», «Бай болу парыз ба?», «Қазақ жеріндегі ислам тарихы» тақырыптары бойынша лекциялар, сұхбаттар жүргізілді. Арнайы роликтар түсіріліп, әлеуметтік желілерге орналастырылуда, – деді Алма Шапбазкерейқызы.  

Орталықтың ресми парақшасына «жанды» оқырмандар жиналған. Сондықтан тікелей эфирлердің қаралымы да жоғары. Ұсынылған тақырыптарға қызығушылық танытатындар қатары да қалың. Кері  байланыс бар.

Томирис СҰЛТАН