Оның үй телефонына қоңырау шалып, немересін полицияға әкетіп бара жатқанын айтқан.
Петропавлда 93 жастағы зейнеткер алаяқтарға балконнан ірі сомада ақша лақтырған деп хабарлайды Paryz.kz, СҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 22 шілде күні кешке қаскөйлер 93 жастағы әжейді алдап соққан. Оның үй телефонына қоңырау шалып, немересін полицияға әкетіп бара жатқанын айтқан. Олар мәселені шешу үшін зейнеткерден 5 мың доллар талап еткен. Қорыққан зейнеткер өзінің бар жиған-терген 300 мың теңгесін ұсынған. Оған балконға келген әйелге ақшаны лақтыруды бұйырған. Аңғал әжей қаскөйлердің айтқанын орындаған. Кейінірек, туыстарымен хабарласқан ол алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Осыдан кейін Петропавлдың қарт тұрғыны полицияға жүгінген. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген. Қазір тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы барларды анықтап жатыр.