Оралда 29 аула абаттандырылады

Бұл туралы 22 шілде  күні қала әкімдігінде өткен мәслихат сессиясында айтылды. Аулаларды абаттандыру жобаларында тұрғындардың пікірлері ескерілген.

Оралда 29 аула абаттандырылады

Кейінгі жылдары Оралда тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру белсенді жүргізілуде. Өткен жылы 11 аула абаттандырудан өтсе, биыл 29 аула жаңартылады. Бұл мақсатқа  573 млн. теңге бөлініп отыр. Бұған дейінгі жылдарда әкімдік жобаны дайындап, тұрғындар игілігіне ұсынған болса, биыл «Есту мемлекеті» тұжырымдамасы шеңберінде тұрғындардың өздері аулаларын кешенді жақсартуды жобалау және жүзеге асыру әдістемесін жасауға қатыса алды.

–  Біз абаттандырылатын аула аумағындағы үйлердің ақсақалдарымен және тұрғындардың өздерімен ақылдастық. Пікірлер ескерілді. Сондай-ақ биыл абаттандыруды жүзеге асыру сәл өзгеше болады, бір мердігер асфальттаумен айналыса, жарықтандыруды екінші мердігер, балалар спорт алаңдарын орнатуды басқа мердігер жүргізеді. Біз көбірек аулаларды қамтығымыз келеді және бұл жұмыстардың барлық түрлері бірінші кезекте осы аулалардың тұрғындарымен тікелей үйлестірілген, – деді Абат Шыныбеков.

Айта кетейік, Оралда 500-ге жуық аула бар. 2007 жылдан бастап олардың  400-ге жуығы абаттандырудан өткен. Десек те, тозығы жетуіне байланысты алғашқы кезеңде абаттандыру жасалған аулаларда қайтадан ағымды жөндеу жүргізілуі қажет болып отыр.

Томирис СҰЛТАН