Оралдағы бір мектептің 5 түлегі Назарбаев университетінің грантын иеленді

Орал қаласындағы Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатының 5 түлегі заманауи және қарқынды дамып келе жатқан халықаралық оқу орны – Назарбаев университетіне грантқа оқуға түсті.

Оралдағы бір мектептің 5 түлегі Назарбаев университетінің грантын иеленді

Дарынды балаларға арналған мектептің 11-сынып оқушылары Аружан Құспанова, Гүлназ Әжмағамбет – «Әлеуметтану және гуманитарлық ғылым»,  Әйгерім Қонар, Гүлшат Бекқалиева – «Физика-математика», Әйгерім Жұбандықова – «Инженерлік және компьютерлік ғылым» мамандығын таңдаған.

Білім ұясының ұстаздары қыздардың әрқайсысы үлгілі, тәрбиелі шәкірт болғанын мақтанышпен жеткізді. Ал білім грантын иеленген Сәкен мектебінің түлектері армандарына қол жеткізулері жолында  терең біліммен сусындатқан мұғалімдеріне  зор алғыстарын білдіреді.

  – Білім сапасы бойынша Қазақстандағы ең беделді әрі танымал оқу орнындарының бірі Назарбаев университетінен шақырту алып, алдағы 4 жылымды сапалы білімге толы осы оқу орнында өткізбекпін. Бұл оқу орнына түсу жолым маған үлкен күш берді десем болады. Қаншама тер төгу, емтихандарға дайындалу, дедлайндар, пандемия тағы бар. Назарбаев университетіне түсуді 10-сыныпқа келгелі бері армандадым. Алайда, емтихандарға дайындалуды тек 11-сыныптың басында қолға алдым. Ағылшын сауаттылығы( IELTS), күрделі матемтика(ALEKS PPL) және эссе. Курстарға жазылып, көп көмек алдым. Десек те, осы жетістікке жетуім ең алдымен 5-сыныпта Сәкен мектебінің табалдырығын алғаш аттағаннан кейінгі білім нәріне сусындатқан мұғалімдерімнің арқасы деп білемін. Алғысым шексіз. Пандемияның қиындықтарына, онлайн оқу форматына қарамастан, шілде айының басында Назарбаев университетінен шақырту алдым. Қуанышымда шек болмады. Ең алдымен, ол ата-ананың үмітінің ақталғаны. Мақсат қойдым, мақсатыма жеттім. Ендігі мақсатым – өз мамандығымды жетік меңгеріп, алдыңғы қатарларда көрініп, өз елімнің гүлденуіне үлес қосу. Армандай біліңіздер, армандар орындалады, – дейді Назарбаев университетінің грант иегері Әйгерім Жұбандықова.

 

Томирис СҰЛТАН